Бүгін - Жамбыл Жабаевтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Жамбыл Жабаевтың туған күні

28.02.2014
Бүгін - Жамбыл Жабаевтың  туған күні
Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, ұрпақтарына бай мұра қалдырған Жамбыл атамыз бастаған жыраулар шығармашылығын қамтыған «Ақындар аманаты» атты кітап жарық көрді.
 
Жамбылтану және халық ақындары ғылыми зерттеу институты қазақ әдебиетінде әлі де толық зерттелмеген ақын-жыршылардың шығармаларын жарыққа шығаруды дәстүрге айналдырған. 
 
Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде бас қосқан ғалымдар мен қаламгерлер Жамбыл Жабаев, әнші-сазгер Әсет Найманбұлы, айтыс ақыны Түрбек Байқошқарұлы және Бақтыбай Жолбарысұлының шығармаларын көпшілікке таныстырды.
 
Бекен Ыбырайымов, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Бұған дейін де халық ақындарының шығармалары жарияланып жатты. Ал бұл мақсатты түрде ұйымдастырылған шара деп айтуға болады. Өйткені, бұл жұмыстарда Кеңес кезінде айтуға мүмкін болмаған шығармаларды ұсындық.  
 
Жамбылдың туған күні қарсаңында оқырман қолына төрт томдық жинақ тиді. Онда Жамбылдың әзілдері, әндері, айтыстары, толғалаулары мен күйлері енген.
 
Қазақтың бай мұрасының бірі - авторлық ауыз әдебиетін зерттеп жүрген ғалымдар өз тұжырымдарын жасапты. Олар ұлттық фольклор жүз том болса, суырып салма ақындардың шығармалары шамамен 50 томға жетеді дейді.

Хабарламаларға жазылу