«Театр өнерінің ақ желкені». «Сахнаның марғасқасы». «Театр анасы». Көзі тірісінде-ақ, осындай атақ, абыройға ие болған белгілі актриса Сәбира Майқанованың биыл 100 жылдық мерейтойы.
Сахна өнеріне сүбелі еңбек сіңірген әртісті Астана жұрты еске алды. Кешке әртістің көзін көрген замандастары, әріптестері мен жолын қуған жас буын өкілдері қатысты.
Майқанова 60 жылдан астам ғұмырын сахнаға арнаған жан. Кез келген жанрда жарқырай көріне білді. «Әсіресе, ана рөлдерін жан жүрегімен беріліп, айрықша шынайылықпен ойнайтын», дейді көзін көргендер.
Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Анасындағы» Толғанай бейнесі Майқанова шығармашылығының шыңына айналды. 1967 жылы осы рөлі үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Ол қазақ кино өнеріне де елеулі үлес қосты.
Тілектес Мейрамов, ҚР Халық әртісі:
Сәбира апайдың өнері, адамгершілігі туралы айтуға тіл жетпейді. Ол кісіні тек көру керек. Нағыз қара қылды қақ жарып, әділдігін айтатын адам Сәбира апам болатын. Ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын, ешкімнен тайсалмайтын, ешкімнен қорықпайтын.
Шынар АСАНҚЫЗЫ