«Фариза бүгінгі заманның Махамбеті болып өтті» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Фариза бүгінгі заманның Махамбеті болып өтті»

27.01.2014
«Фариза бүгінгі заманның Махамбеті болып өтті»
 
Бүгін Астана жұртшылығы Халық ақыны Фариза Оңғарсынованың ақтық сапарға шығарып салды. Ақынды шығарып салу рәсіміне елдің түкпір-түкпірінен халық көп жиналды.
 
Қаралы жиында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйлеп, қарақұрым халыққа көңіл айтты.
 
«Алтайдан Атырауға дейін аза тұтқан, күллі Алаш қайғы жұтқан қаралы күн, орны толмас қасірет. Тірі күнінде-ақ аңызға айналған ақын соңына өлмес мұра қалдырып кетті.
 
Өн бойында өр рухтың жарқылы бар, таза сезімнің ақтарылған ағыны бар ерекше тұлғалар болады. Фариза Оңғарсынова – солардың бірі емес, бірегейі еді. Ғибратты ғұмырында поэзияның падишасы атанып, қақжарма әділ сөзімен де, ақмаңдай жүзімен де, жырларымен де халқының батыр мінезді қызы екенін дәлелдеп кетті.
 
Т.Ахтанов айтқандай, қыз да болса, ер-азаматтың жүгін көтерген бүгінгі заманның Махамбеті болып өтті.  Егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі де, қарымды күресі де баршамыздың көз алдымызда»,-деді ол.
 
Ақынның бір кездері Парламентте қатар отырған ағасы, Мәжіліс депутаты, академик Кенжеғали Сағадиев те сөз сөйлем, замандасын еске алды.
 
«Фаризамен замандас болдым. Отбасымызбен араластық. Пікір алысып жүрдік. Достарына, жолдастарына келгенде жаны жайсаң, мейірі мол, құрметі жоғары болатын. Фариза - өз қатарынан оқшау тұратын нағыз поэзия падишасы.
 
Кесел екі жыл Фаризаның бойын жайлап, оның жан алысып, жан берісіп жүргенін білеміз. Сонда көңілін сұрауға барғанда, мен таңғалатынмын. Бұл не деген алып күш, бұл не деген қайрат,-деп.
 
Өзі туралы ештеңе айтпай, елдің амандығын, ағайынның жаңалығын сұрайтын еді. Фаризаны қайтыс боларынан 4-ақ күн бұрын көріп едім. Барсам, құрбысымен керемет әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Көзінде керемет от бар еді. Сонда: «Алла, осы отты ешқашан сөндірмесе», деп едім. Амал жоқ, ортамыздан кетіп қалды.
 
Фариза кім, Фариза қандай ақын деген сұрақтар келгенде, менің ойыма Тұманбай Молдағалиевтің әсерлі сөздері келеді. «Нағыз ақынның бақыты да, уақыты да - жыры, нағыз ақынның аңсары да - жыры, нағыз ақынның мінген аты да, махаббаты да - жыры, нағыз ақынның көлігі де - жыры, нағыз ақынның анасы да, баласы да - жыры».
 
Міне, Фариза нағыз ақын еді. Қош, қош бол, Фариза. Сенің тіккен жыр-туың ешқашан бұзылмасын, ұмытылмасын!».

Хабарламаларға жазылу