Қырғыз Премьер-Министрі шекараны бұзып кірген топты жоюды бұйырды

23.01.2014
Қырғыз Премьер-Министрі шекараны бұзып кірген топты жоюды бұйырды
Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі елдің күштік құрылымдарына Қытай арқылы мемлекеттік шекараны бұзып кірген топты жою жөнінде тапсырма берді, деп хабарлады «24.kg» ақпарат агенттігі.
 
Олардың мәліметінше, Жанторо Сатыбалдиев «Ақ-Шыйрақ» шекара учаскесінде болған ахуалмен толық таныс және күш-қуат блогына жауапты вице-премьер Токан Мамытовқа жағдайдың ушығып кетуіне жол бермеуге әрі қырғыз шекарашыларына оқ атқан белгісіз топтың көзін жоюға тапсырған.
 
Алдын ала мәліметтер бойынша бүгін үкімет аталған оқиғаға қатысты жедел жиын өткізеді.
 
Естеріңізге сала кетейік, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік шекара қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бүгін Ыстықкөл учаскесінде Қырғызстанның шекара жасағы мен белгісіз адамдар арасында қарулы қақтығыс болды.
 
Кейбір деректерге қарағанда, шабуылдаушылар аңшы шаруашылығының жұмысшысын өлтіріп, оның қаруын алған. Оқиға орнынан жеткен шекарашылар мен топ арасындағы қақтығыс кезінде 2 құқық бұзушы мерт болды. Ал қалғандары қоршауда қалып отыр.

Хабарламаларға жазылу