Иран келісімі күшіне енеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иран келісімі күшіне енеді

20.01.2014
Иран келісімі күшіне енеді
Бүгін, яғни 20 қаңтарда Иран мен әлемнің алпауыт мемлекеттерінің Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты жасаған уақытша келісімі күшіне енеді, деп хабарлайды azattyq.org.
 
Иранның АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Германиямен келісімі өткен жылдың қараша айында Женевада жасалған еді. Оның қашан іске асатыны 13 қаңтарда мәлім болған.
  
Келісім бойынша, Иран уранды байыту бағдарламасын азайтуға, ал халықаралық қауымдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған. Қазір Тегеранға барған халықаралық сарапшылар ядролық нысандарды аралауға рұқсатты күтіп жатыр.

Уақытша келісім алты айдан соң аяқталады. Бұл алты ай ішінде Иран мен алты ел бұдан да ірі келісім жасасу мақсатында келіссөздерді қайта жалғастырады.

АҚШ және бірқатар батыс елдері бұған дейін Иранды ядролық қару жасауға ұмтылып жатыр деп қауіптенген. Иранға уран байытудан бас тартқызу үшін бірқатар санкциялар да салынған.
 
Бірақ, Иран ядролық қару жасау ниеті барын жоққа шығарып келеді.

Хабарламаларға жазылу