Түзету мекемелерінде дәрігерлер тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түзету мекемелерінде дәрігерлер тапшы

13.03.2019

Ақтөбедегі қылмыстық атқару жүйесінің 168∕2 түзету мекемесіне сотталғандардың денсаулығын бақылап, ем-дом жасайтын дәрігерлер табылмай отыр. Ол жерге барлығы 12 маман қажет болса, қазір талапқа сай тек екі дәрігер ғана бар. Сондықтан бүгін мекеме аумағына алғаш рет жылжымалы медициналық көлік келіп, жазасын өтеушілерді қабылдады.

Бауыржанның түрмеге түскеніне - 1,5 жыл. Бостандықта жүргенде-ақ бауыры ауырып, бірнеше рет ауруханаға жатып шыққан. Ал, түзету мекемесіндегі дәрігерлер оның екінші топтағы мүгедек ретінде жәрдемақы алуына көмектесіпті.

Ал, дәрігерлер жазасын өтеушілердің мұндай шағымдарының негізсіз екенін айтады. Қазір сотталушылар арасында құрт ауруы жоқтың қасы. Биылдыққа бір ғана дерек тіркелген. Дегенмен, ішек және тыныс алу жолдары аурулары белең алған. Наркологиялық есепте 19 адам тұр. Мекеме аумағына жылжымалы медицина орталығын шақыру себебі де сол.

Қазір түзету мекемесінің медициналық бөліміне дәрігер жетіспейді. Қызметкерлердің тек екеуі ғана талапқа сай. Басқаларын амалсыз, азаматтық сектордан шақыртуға тура келеді. Жауапты тұлғалар бұл еліміздегі түзету мекемелеріне ортақ мәселе болғандықтан, шешу қиын болып тұрғанын айтады.

Шынболат Дауылбаев, Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің медициналық қызметінің бастығы:

- Шешу жолдарын қарап жатырмыз. Бірақ жас балалар мындай жерде жұмыс істегісі келмейді.

Түзету мекемесінде 400-ден астам адам болса, оның үштен бірінің денсаулығында кінәрат бар. Жылжымалы медициналық кешен мамандары олардың барлығын қабылдап, ем-дом жасады, кеңестерін берді. Мұндай шараны алдағы уақытта жиі өткізу жоспарланып отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу