Ақтөбелік дәрігерлер аяғынан айырылған 30 жастағы жігіттің туыстарына іздеу салып жатыр. Науқастың облыстық жедел жәрдем ауруханасында жатқанына үш ай болды.
Ақ халаттылардың айтуынша, Тимур Бахитов бұл жерге желтоқсан айында жеткізілген. Ол өзі жайында аты-жөнінен басқа ештеңе білмейді. Бұған дейін де оны үсік шалып, тобықтан төмен аяғы кесілген екен. Бұл жолы тізесіне дейін кесуге тура келген. Оның таяуда түрмеден шыққаны белгілі болған. Егер жуық арада туыстары табылмаса, мүгедектер үйіне жіберіледі. Дәрігерлер қазір қажетті құжаттардың дайындалып жатқанын жеткізді.
Салтанат Рахметова, облыстық жедел жәрдем ауруханасының мейірбикесі:
- Ешкім іздемейді, ешкім келген жоқ осы уақытқа дейін. Өзі есін дұрыс білмейді. Жауап бермейді сұраққа. Сондай жағдайда жатыр бұл адам. Егер де бұл адамды білетін адамдар болса, хабарласуыңызды сұраймыз.
Жақсыбек КЕМАЛ
