Ауруханалардағы дәрігерлердің біліктілігі мен қызметтің сапасы жіті назарда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауруханалардағы дәрігерлердің біліктілігі мен қызметтің сапасы жіті назарда

24.01.2019

Ауруханалар кез келген адамның көңілінен шығатындай деңгейде жұмыс істеуі керек. Дәрігерлердің біліктілігі, көрсетілетін қызмет сапасы, ұзын-сонар кезектің болмауы жіті бақыланбақ. Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров бүгін БАҚ өкілдері үшін пресс-тур ұйымдастырып, салада атқарылып жатқан жұмыспен таныстырды. Оның ішінде ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды көздейтін шаралар да бар. Мәселен, ауруханалар қазір арнайы бағдарлама арқылы жедел жәрдем қызметінің өздеріне қандай науқасты әкеле жатқанын алдын ала біліп отырады екен. Яғни, дәрігерлер қажетті құрылғыларын сайлап отырады. Тағы бір жаңалық, кез келген адам QR-код арқылы медициналық мекеменің жұмысын бағалай алады.

Қамалжан Надыров, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Ұялы телефоныңызды қосып, QR-кодқа бағыттасаңыз, сауалнамаға сілтеме шығады. Сол жерде бірнеше сұраққа жауап беру арқылы пікір қалдыра аласыз. Ақпараттың барлығы бір базаға жиналады. Ал, біз қай мекемеде қандай мәселе болып жатқанын біліп отырамыз. Сол бойынша жұмыс істейміз. Осылайша, біз тұрғындардың қалауы бойынша қызмет сапасын арттырып отырмақпыз.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу