Қатерлі ісікке қарсы отандық препарат арглабин енді түйіршік күйінде шығырыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатерлі ісікке қарсы отандық препарат арглабин енді түйіршік күйінде шығырыла бастады

15.01.2019

Қарағандыдағы фармацевтикалық зауыт озық технологияның арқасында бұдан өзге де дәрілерді қапталған түйіршік қалпында өндіруде. Осылайша, препараттың сақталу мерзімі, сапасы анағұрлым артпақ. Әрі өндірістік шығындар үш есеге азайып, өнімнің өзіндік құны төмендейді. Түптеп келгенде бұл дәрі-дәрмектің бағасын арзандатуға мүмкіндік бермек.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Бұл қондырғының Қазақстанда аналогы жоқ. Фитохимия ғылыми-өндірістік холдингі мұны тұңғыш болып қолданысқа енгізді. Соның негізінде бұрын-соңды сұйық, құрғақ, капсула күйіндегі дәрілерді енді қабыршықпен қапталған түрде шығара бастады. Соның негізінде препараттардың адам ағзасына сіңімділігі бірнеше есеге артқан.

Қазір қанатқақты жоба осы фармацевтикалық зауытта апробациядан өтуде. Егер нәтижелі болса, еліміздегі барлық зауыттар тәжірибеге енгізеді. Кәсіпорын 72 түрлі дәрі-дәрмек өндіреді, 18-і осы қондырғының көмегімен қабыршақпен қапталады. Соның бірі қатерлі ісікке қарсы дәрі арглабинді еліміздегі 9 клиника қолданып отыр. Сондай-ақ, отандық препарат 5 мемлекетке экспортталады.

Серғазы Әдекенов, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ Бас директоры:

- Дәрілердің қатты түрлерін қабықпен қаптайтын болсақ, адамның ағзасына барғанда пайдалану тиімділігі жоғарылайды. Ауырып тұрған жерге жетіп, ем болады. Адамның ағзасына беретін дозасын азайтады.

Әзірге бұл фармацевтика саласы бойынша ғылыми қор арқылы қаржыландырылған еліміздегі тұңғыш жоба. Оған 100 миллион теңге бөлінген.

Әнауарбек Сұлтанғазин, «Ғылым қоры» АҚ президенті:

- Қазір 150-ден астам жоба бар. Солардың барлығымен жұмыс істеп жатырмыз. Ал, енді бүгінгі таңда 18-ші жобаны нарыққа шығарып жатырмыз. Фармацевтика бойынша бұл біздің бірінші жобамыз.

Жаңа өндіріс учаскесін қолданысқа енгізу өңірлік фармацевтикалық кластер өндірген өнімнің номенклатурасын арттырып, сұрыпталуын жақсартады. Бұған қоса, өндіріс шығындарын 2-3 есе азайтып, еңбек өнімділігін 4-5 есе арттыруға мүмкіндік береді. «Бұл өнімнің өзіндік құнын сәйкесінше дәрінің  бағасын арзандатуға ықпал етеді», - дейді ғалымдар.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу