480 грамдық шақалақ: Павлодарда шала туған сәбилер саны көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

480 грамдық шақалақ: Павлодарда шала туған сәбилер саны көбейіп барады

04.12.2018

Биылғы 9 айда 400-ге жуық әйел айы-күніне жетпей босанған. Денсаулығында кінәраты бар аналарға дәрігерлер бала көтеруге тыйым салғанымен, оған құлақ асатындар сирек. Сондықтан, өңірде шала туған сәбилерді оңалтуға арналған арнайы бөлімше ашылды.

Болат Аманбаев, тілші:

Бұл жерде іңгәлаған сәби даусы естілмейді. Алақанға сыйып кететін шақалақтар дәрігер сөйлегенде ғана жыбырлап, қол-аяқтарын қимылдатады. Осы аптада неонаталды бөлімше қызметкерлері бір тыным таппады.  Мерзімінен 3 ай ерте туған сәбилер саны рекордтық нәтиже көрсетті.

Айман Оспанова, перинаталды орталықтың бас дәрігері:

-Бүгінгі күні осы бөлімшеде 12 бүлдіршін жатыр. Олардың бәрі мерзімінен бұрын туды. Салмақтары 600-800 грамнан аспайды. Оларға ерекше күтім керек. Бұл жерде жұмыс істейтін дәрігер, мейірбикелер арнайы білім алған.

Көктемде дәл осы бөлімшеде ең жеңіл салмақпен 480 грамдық шақалақ дүниеге келді. Қазір анасының бауырында. Айгүл Қапезовада босанғаннан кейін, үш айдан соң ғана үйіне шығарылды. Дәрігерлерге разы. 22 аптадан соң туған балапаны балпанақтай болып өсіп келеді.

Айгүл Қапезова, қала тұрғыны:

- Мен мұнда мейірбикенің шақыруымен келгенмін. Шала туған және салмағы жеткіліксіз балаларды оңалту кабинеті ашылған екен. Көріп, қуанып жатырмын. Енді учаскелік дәрігер мен осындағы дәрігер сәбиім 1 жасқа толғанға дейін қарайтын болады.

Бүгінгі күнге дейін салмағы 500 грамнан 1 келіге дейінгі шақалақтардың 58 пайызы ғана адам қатарына қосылатын. Нәрестелер реанимациясы және қарқынды терапия бөлімшесінің ашылуы мүмкіндікті молайтты. «Жаңа медициналық құрал-жабдықтар мен 1 жылға арналған ерекше күтімнің арқасында сәбилердің 85 пайызын аман алып қалуға болады»,-дейді дәрігерлер.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу