Семейде шұғыл медициналық көмек дәрігерлері оқытылатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде шұғыл медициналық көмек дәрігерлері оқытылатын болды

06.11.2018

Халықарлық стандарттарға сай білімі бар мұндай мамандар бұрын-соңды елімізде даярланбаған. Көптеген елдерде ауыр науқасқа шұғыл түрде қабылдау бөлімі деңгейінде білікті көмек көрсету ертеден қалыптасқан. Яғни, ауыр жағдайдағы адамды аман алып қалу үшін, әрбір секунд маңызды болуы мүмкін. Енді мұндай тәжірибе Семейде оқытылатын жаңа мамандардың арқасында іске аспақ.

Дәрігер қай сәтте де жедел түрде шешім қабылдап, әрекет етуге даяр болуы қажет. Өкінішке қарай, отандық медицинада шұғыл медициналық көмек беру дамымай қалған. Кесірінен емханаға жеткізілген күннің өзінде талай адам ажал құшып жататыны жасырын емес. Осы кемшілікті жою үшін Семей медицина университетінде еліміздің әр түкпірінен келген дәрігерлер қайта оқытылып, жаңа мамандықты игеріп жатыр.

Ерсін Жүнісов, Семей Мемлекеттік медицина университетінің ректоры:

- Мысалы, Америкада не болмаса Еуропада дәрігерлер науқасты оқиға болған жерден не болмаса ауруханаға әкелген бетте өздері бірден араласып кетіп, жұмыс істеп жатады. Қабылдау бөлімінің деңгейінде жоғары сапалы көмек көрсетіліп жатады. Клиникалық өлім жағдайында жеткізілген науқасты қабылдау бөліміндегі жоғары сапалы көмектің арқасында өлім мен мүгедектіктің деңгейін төмендету негізгі мүдде.

Университетте былтырдың өзінде 500-ге жуық дәрігер қайта оқытылып, шұғыл медициналық көмек дәрігері атанған. Тиімділігін көрсеткендіктен биыл да оқыту жандана түсті. Енді еліміздегі барлық емханалардың қабылдау бөлімінің қызметкерлері жаңа мамандықты меңгеру үшін Семейге келуде.

Нұрман Разахов, дәрігер:

- Семей қаласында барлық мүмкіндіктер жасалған. Бұл науқастарға алғашқы көмекті жедел көрсету мақсатында қолға алынып отыр. Өте үлкен жоба. Біздің мамандар да шетелдің дәрігерлері сияқты жұмыс істейді деп толық сеніммен айта аламыз.

Мұндай мамандарды даярлау еліміздің Денсаулық сақтау саласына енгізілген жаңа стандарт негізінде қолға алынды. Білім алатын дәрігерлер халықаралық жедел жәрдем тәжірибелерін толық меңгереді. Жақында «шұғыл медициналық көмек дәрігері» деген куәлікті арнайы білім алған тағы 16 дәрігер иеленді.

 

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу