Батыс Қазақстанда медициналық мекемелер 100 пайыз электронды картамен жұмыс істеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда медициналық мекемелер 100 пайыз электронды картамен жұмыс істеп жатыр

10.10.2018

Батыс Қазақстанның медициналық мекемелері 100 пайыз электронды картамен жұмыс істеп жатыр. Бұл – пилоттық жоба жемісі. Электронды кезек те жолға қойылып, саланы цифрландыру жетілдіріліп келеді. Науқастар бұрынғыдай сағаттап кезекте тұрмайды. Бума-бума қағаз тасып та сабылмайды. Ал, бұл өз кезегінде Президенттің Жолдауда «дәрігерлер қағаз толтырумен емес, емдеумен айналысу керек» деген тапсырмасына сай келеді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Бұл - науқастың медициналық амбулаториялық картасы. Мұнда ауру тарихы қабат-қабат қағазбен желімделіп, жапсырылған. Қағаз құжат кейде жоғалып кетіп, дәрігерді әбігерге салады. Енді мұның бәрі келмеске кетті. Олардың орнын электронды карта басты. Бұл жерде науқас ауруының тарихы, тіпті қай қалада, қашан емделгені туралы да мәлімет бар. Электронды құжат елімізде келер жылдан бастап енгізілмек. Ал, Орал өңірінде қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.

Қалалық №3 емхана жыл басында қанатқақты жоба аясында электронды картаға көшті. Дәрігер де, науқас та қағазбастылықтан құтылды. Қазір мекемеде тіркелген 45 800 адамның электронды төлқұжаты бар. Барлық медициналық сараптама нәтижесі алақандағыдай.

Айжан Жармағамбетова, қалалық №3 емхананың учаскелік дәрігері:

- Қаңтардан бастап электронды картаға ауыстық. Өте ыңғайлы. Науқастарға да ыңғайлы. Бұрынғыдай ұрыс жоқ. Көңілді келеді, көңілді кетеді. Қандай диагнозбен, қандай ем алып жатқанын қарай аламыз.

Емханада дәрігерге алдын ала жазылу қызметі жұмыс істейді. Биыл екінші жыл. Келушілер бұрынғыдай сағаттап сарылып кезекте тұрмайды. Электронды кезек күтіп, талонмен кіреді.

Балнұр Досалиева, тұрғын:

- Бүгін осы №3 емханаға қызымды қаратуға алып келдім. Жақсы қарады. Қызметтеріне ризамын. Есік алдында кезекпен тұратын едік. Қазір жақсы, электронды түрде кезекпен кіреміз.

Дәрігерге «egov.kz» порталы немесе телефон арқылы, келіп те жазылуға болады. Электронды табло, терминал жұмыс істейді. Жаңа жүйенің кем-кетігі де жоқ емес.

Елена Лапина, тұрғын:

- Электронды кезек, бір жағынан, жақсы ғой. Алдын ала жазыласың, уақытында келесің, талон аласың, дәрігерге қараласың. Бірақ, егер бір уақытта бірнеше дәрігерге қаралатын болсаң, бірінші қабатқа қайта-қайта түсіп, әрбіріне талон алуың керек. Мынадай терминал әр қабатта болуы керек қой. Үлкен кісілерге қиын.

Тек қалалық емес, өңірдегі барлық ауданның медициналық ұйымдары сандық жүйеге көшкен. Бірақ, жұмыс мұнымен тоқтамайды.

Қанат Төсекбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Енді облыс тұрғындарының электронды картасын республикалық деңгейде байланыстырып жатырмыз. Мысалы, облыс тұрғыны Астанаға немесе Алматыға барып, институттарға емделетін болса, бұл науқас бойынша барлық қажетті мәлімет біздің электронды паспорттарда шығып отырады.

Қазір осы мақсатта 3 емхана және 2 стационарлық мекеме республикалық ірі мекемелермен мәлімет алмасып жатыр. Жалпы, саланы цифрландыру бойынша Батыс Қазақстан көш басында.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу