Басты Жаңалықтар Тамара Дүйсенова: Инфекцияның дендеуіне медициналық ұйымдардың дер кезінде шара қолданбауы себеп

Тамара Дүйсенова: Инфекцияның дендеуіне медициналық ұйымдардың дер кезінде шара қолданбауы себеп

Менингитке қарсы дәрі де, емдейтін дәрігер де жеткілікті. Тек ұйымдастырушылық шарасы жүйелі емес.  Бүгін  «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова елдегі денсаулық сақтау басқармалары мен ауруханаларды сынап тастады.

Экс-министрдің айтуынша, инфекцияның дендеуіне медициналық ұйымдардың дер кезінде шара қолданбауы себеп. Өйткені, бұл ауру елімізде алғаш рет кездесіп отырған жоқ. «Сондықтан да дәл осы маусымда емханалар сақадай сай болу керек еді», - дейді ол. Бүгінде жұқпалы індет әсіресе, алматылықтардың алаңдаушылығын туғыза бастады. 

Қазір  қоғамдық орындарда адамдар бірен-саран. Бөбектердің 30 пайызы  балабақшаға баруды қойған. Ал, дәріханалардан бетперде табу қиын. Тапқанның өзінде құнын екі есеге қымбаттатқан. Талғардағы жағдайдан соң Денсаулық сақтау басқармалары барлық ауданда инфекция жұқтырғандарға арналған қосымша10 орын дайындаған.  Ақ халаттылардың салғырттығын сынаған партия хатшысы дәрігерлер қажет болса, үйді-үйді аралау қажет деп санайды. 

Тамара Дүйсенова, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

- Ең біріншіден, ұйымдастыратын топ жетіспей жатыр. Екіншіден, сақтық шарасы. Учаскелік дәрігер, патронажды қызмет, алғашқы көмек көрсететен медициналық ұйымдарымыз бар. Өз уақытында көмек көрсететін болсақ, мынадай жағдайлар болмас еді.

Менингит індеті иммунитеті ең төмен адамдарға тез жұғады. «Сондықтан да әсіресе, қасиетті Ораза айында парызын өтеп жүргендер абайлау керек», - дейді Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова. Себебі, Алматыда инфекция жұқтырған 41 адамның 18-і Ораза ұстаған. Қайтыс болған 3 азамат та  ауыз бекіткендіктен дәрі тұтынбай, дертін асқындырған. 

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партиялық куратор:

- Қазір Ораза кезі. Әрине, бұл кез қиын кез. Ауыр симптомдар басталса, Құдайдың алдында кешірім сұрап, тоқтатқан дұрыс болар.

Ауру ошағы Алматыда басым болғандықтан, қазір мұнда 18 маусымға дейін жазғы лагерлер жұмысын тоқтатты. Өзге де қоғамдық-мәдени шаралар шектелген. Бүгінде ақылы вакцинаның да саудасы қызған. Жекеменшік емханаларда кезек көп. Министрлік елімізге 4600 вакцина қорының барын айтады. Жалпы, инфекциялық аурудың үш түрі анықталған.

Жандарбек Бекшин, ҚР Бас санитарлық дәрігері:

- Елімізде менингиттің 3 түрі анықталып отыр. Науқастанғандардың бәрі А, В, С, түрлерін жұқтырған. Ал, қайтыс болғандар А түрімен ауырғандар. Бұл вирус түрі бұрын болды ма, жоқ шетелден тасымалданды ма, геномдық тексеру жұмыстарын жүргіземіз.

Бүгіннен бастап халықты ақпараттандыру үшін елімізде байланыс орталығы жұмысын бастайды. Нөмірі Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында көрсетілмек. Қажетті шаралар барынша жасалғанымен, аурудың аяқ тартар түрі жоқ. Бүгіннің өзінде Астанада  бесінші жағдай тіркелді. 2 жастағы бала  қазір ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Бөлісу