Алматыдағы менингококк инфекциясы анықталған орындар жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы менингококк инфекциясы анықталған орындар жабылды

25.05.2018

Алматыдағы менингококк инфекциясы анықталған «Су әлем» бассейні мен жекеменшік балабақша жабылды. Енді олар санитариялық талап түзелгенше жұмысын уақытша тоқтататын болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің мамандары хабарлады. Осыдан бірнеше күн бұрын жоғарыдағы мекемелерде менингитпен науқастанған алматылық 3 тұрғын көз жұмған болатын. Жалпы, ресми мәлімет бойынша елімізде менингококк инфекциясын жұқтырған 42 жағдай тіркелді. Оның 28-і Алматы қаласында.  Мамандар бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда қалыпты екенін айтады. Мәселен, 2015 жылы 424 жағдай, 2016 жылы 120, өткен жылы 62 жағдай тіркелген. Олардың 70 пайызы 6-жасқа дейінгі балалар. Дерттің дендеуіне қазіргі мезгілдегі ылғалды ауа райы себеп. Көбінесе қоғамдық орындарда, бассейн, субұрқақ орналасқан орындарда түшкіргенде, жөтелгенде, сөйлегенде жұғуы ықтимал. 

Жанат Жамалбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы:

- Бұл менингит 3 жыл сайын көрсеткіштің жоғарылау уақыттары болды. Сондықтан, біз бұны бұрқетер деп есептемейміз. Барлық аурулардың болған жерлері тексеріліп, осы аурулармен қатынаста болған 700-ге жуық адам тексеріліп, медициналық бақылауға алынып жатыр.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу