Елімізде СПИД ауруына шалдыққандарды шеттету белең алып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде СПИД ауруына шалдыққандарды шеттету белең алып тұр

27.02.2018

Қазақстанда жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы, яғни СПИД ауруына шалдыққандарды шеттету белең алып тұр. Жеке сектордағы бизнес өкілдері компанияларына қауіпті індетті жұқтырған адамдарды жұмысқа алғылары келмейді. Кәсібіне кері әсерін тигізеді не болмаса өзге қызметкерлерге вирус жұқтырады деп қауіптенеді.

Қазақстанда СПИД ауруының таралу көрсеткіші 0,2 пайыз. Бұл аз. Әлем бойынша ең жақсы көрсеткіш. Мамандардың айтуынша, қауіпті індеті бар адамдар қоғамға да, кәсіпке де зиян әкелмейді. Тек дәрігердің нұсқауымен жүріп, уақытылы ем қабылдаса болғаны.

Сәбит Бекмағанбетов, қалалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының бас дәрігері:

- Бұл әлеуметтік ауру. Бұлардың емделуі, тексерілуі бәрі тегін. Бизнеске мұның ешқандай әсері болмайды.

Сөзімізге дәлел келтірсек. Айжанның СПИД-ті жұқтырғанына 5 жыл. Бірден орталықтың тіркеуіне тұрып, ем қабылдай бастады. Осы жерде жүріп тағдырласымен де табысты, шаңырақ көтерді. Бүгінде бала сүйіп, ана атанып отыр. Қуанарлығы сол бүгінде баланың қаны таза, бойында дерті жоқ. Бұл медицина саласының жетістігі. Тұрақты жұмысы да бар.

Айжан:

- Мен де, жолдасым да жұмыс атқарамыз. Жұмыс орталығымызда бірінші біз жасырдық. Айтпадық. Өйткені, оны білген сәттен басшылығымыздың, жанымыздағы әріптестеріміздің көзқарасы өзгеріп кетеді. Ал жүре келе үнемі бізге орталықтан хабарласады, іздеп жатады. Дәрі ішуге кешігіп жатсақ, іздейді. Қазір менің басшылығым біледі.

Қауіпті індет тек 3-ақ жолмен жұғады. Алғашқысы қан арқылы. Көбінесе есірткі қабылдайтын нашақорлардың арасында тараған. Одан соң жыныстық және анадан балаға жұғу жолдары.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Осы үш қауіптен ада болсақ, СПИД-тен таза боламыз. Ал, тұрмыстық қатынастар дерттің дендеуіне себепкер болмайды. Қол алысып амандасу, ортақ бұйымдарды пайдалану, тіпті бір ыдыстан ас ішкендердің арасында да вирус тарамайды.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу