Санаулы жылда елімізде 10 мыңнан астам бала қатерлі дерттен айыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санаулы жылда елімізде 10 мыңнан астам бала қатерлі дерттен айыққан

08.02.2018

Елімізде жыл сайын 500-дей бала ауыр дертке шалдығып, дәрігер көмегіне жүгінеді. Қатерлі деген сөзді қаперіне алмаған шынашақтай сәбилер аурухана төсегіне айлап, жылдап таңылады. Осындай ерте есейген ерекше балғындардың өмірге деген құштарлығын арттырып, сауығып кетуіне демеу беру үшін «Мен жеңімпазбын» жобасы ұйымдастырылды. Шарапатты шара аясында ауруынан айыққан балалар жайлы әлеуметтік роликтер көрсетіліп, қайсарлы балғындардың өмірі баяндалды.

3 жасар  Меруерт ми ісігіне шалдыққан. Дерті анықталған айналасы бір жылдың ішінде 7 рет химиотерапия алып, жілік майын ауыстыру операциясы жасалды. Қиналды. Жылады. Десе де, қатерлі дертті жеңді. Қазір жағдайы оңалған. Екі-үш күнде үйіне оралады.

Гүлсім Әкімбаева, Меруерттің анасы:

- Ауруды жеңу өте қиын. Бұл жерде күнделікті өлім көреміз. Бірақ, бәріне шыдап келеді. 3 жасар болса да, менің қызым мықты.

Әлеуметтік бейнекөріністегі кейіпкерлердің бірі -  Еркебұлан. 18 жаста. Қатерлі ісікпен бір емес, екі рет ауырып, дертінен құлан-таза айыққан. Қазір спортпен айналысады. Ауруды жеңген азамат үшін  ауыр атлетикадан чемпион болу түк қиындық тудырмаған. Жігері жасымаған жас жігіт мұндағы балғындардың үмітін оятты.

Ақбаян Сыдықбекова, онколог-дәрігер:

- Түскен сәттен бастап өзіміздің туған баламыздай қараймыз. Емнен бөлек,  моральдық тұрғыда көмек көрсетеміз.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда жылына орта есеппен 500-ден астам бала қатерлі дертке шалдығады. Алғашқы орында лейкоз ауруы болса, кейінгі кезекте сүйек, жұмсақ тін мен ми ісіктері тұр. Қуаныштысы сол, қазір олардың 80-90 пайызын емдеуге болады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулы сақтау министрі:

- Бұл мәселе біздің қоғамды ғана емес, әлемді алаңдатып отыр. Осы ретте ата-аналардың төзімділік танытып, аурудан айығудың жолдарын қарастырып, белсенді болуы бізді қуантады. Елімізде қазір ауыр дертті  емдеудің мүмкіндігі бар. Келешекте шетелге барудың да қажеті болмайды деген үміттеміз.

Осылайша, санаулы жылда елімізде 10 мыңнан астам бала қатерлі дерттен айығып, өз өмірінің жеңімпазы атанды. «Бұл алдымен медициналық емшараның жетістігі болса, екінші кезекте ата-ана мен дәрігерлердің психологиялық, моральдық тұрғыда жасалған қолдауының нәтижесі», - дейді министрлік өкілдері. 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу