Елімізде бір құлағы туғаннан жоқ және құлағы бітеу балалар саны артып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде бір құлағы туғаннан жоқ және құлағы бітеу балалар саны артып отыр

27.12.2017

Мұның себебін медицина мамандары әлі күнге дейін таба алмай әлек. Тек экологияның салдары деген сияқты жалпылама болжамдарды айтады. Ал, бір құлағы мүлдем естімейтін балаларды емдеу ісі тіпті қиын. Ата-аналардың айтуынша, 700-ден аса бір құлағы жоқ бала көмекке зәру екен. Оларды тізімге алып, емдеп, жәрдемақымен қамтамасыз етуге тиісті екі ведомство, яғни Денсаулық сақтау мен Еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселені бір-біріне сілтеуден әрі аса алмай отыр. Екі ортада балалар зардап шегіп, ал, ата-аналар күйзеліп жүр. Тілші Нұрлан Асқарұлы мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Қарлығаш Мұратқызының 5 жастағы ұлы Ернұрдың жағдайын ойлап жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Себебі, баласы бір құлағы бітеу болып туған. Ал, өсе келе балаға ортаңғы құлақтың қабынуы деген диагноз қойылған. Дәрігерлер болса, «тек ауруы асқынған жағдайда операция жасаймыз», - деп отыр.

Қарлығаш Нарымбаева, Ернұрдың анасы:

- Бізде құлақ дәрігерлері емдей алмайды екен. Өйткені, құлағының ауруларын құлаққа дәрі тамызу арқылы емдейді екен. Бірақ, әр күні бала басым ауырды десе, ішіндегі ірің ары қарай кетіп қалмады ма екен деген ой болады.

Ернұрдың құлағына шетелде операция жасау үшін 85 мың АҚШ доллары қажет. Алайда, оны отбасының қалтасы көтермейді. Отандық медицина дәрменсіз. Қайтпек керек?

Малика Сұлтан, «Микротия және атрезия» қоғамдық қорының директоры:

- Қазір бір құлағы туабітті жоқ балалардың ата-аналары үшін ең өзекті мәселе мүгедектік туралы жәрдемақы алу. Бұл балалар бір көзі жоқ адаммен бірдей. Осы себепті, оларға да жәрдемақы тағайындау қажет. Ал, біздің дәрігерлер бұл диагнозды емдей алмайды. Сондықтан, біз шетелдік мамандарға жүгінеміз. 

Бір құлағы жоқ балаларды жәрдемақымен қамтамасыз етуі тиіс ведомство мамандары бұл мәселені әлі толық зерттемепті. Сондықтан, анатомиялық кемістігі бар балалар көмекқаржы да ала алмайды.

Айгүл Кемерова, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің бас сарапшысы:

- Атрезия мәселесіне келетін болсақ, егер де сол аурудың нәтижесінде баланың сөйлеу қабілетін адамдармен қарым-қатынас жасау, есту қабілеттері шектелсе, сол кезде ғана мүгедектік тағайындалады. Жалпы емдеу, квота беру, ота жасау мәселелері Денсаулық сақтау министрлігінің құзіретіне жатады.

Тиісті ведомстволар бұл мәселені толық реттеуге кіріспегендіктен, ата-аналар бір-біріне сілтейтін министрліктердің табалдырығын тоздырып шаршаған. Осы себепті, науқас балалардың жақындары интернет арқылы өздері ізденуді қолға алған. Олардың айтуынша, қазір әлем бойынша бір құлағы жоқ балалардың көбейюі тек Қазақстан мен Ресейде шектен тыс. Мәселен, халқының саны миллиардтан астам Қытай мен Үндістанда бір құлағы жоқ балалар біздегідей көп емес. Сондықтан, ата-аналар «Қазақстан мен көрші Ресейде сараптама жасап, арнайы зерттеу жүргізу керек», деп дабыл қағып отыр.

Жалпы, бір құлағы жоқ балалардың жағдайына толық жауапты ведомство табылып, одан нәтиже шыққанша Қарлығаш секілді 700-ден аса ата-анаға көп күтуге тура келеді. Ең қиыны, бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігінен жауап алу мүмкін болмады. Сондықтан, біз бұл жағдайды ұдайы назарда ұстаймыз.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу