Трансплантация жасатқандар үндінің генерик дәрілеріне қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трансплантация жасатқандар үндінің генерик дәрілеріне қарсы

18.12.2017

Органын ауыстырған науқастар өздері ішіп жүрген түпнұсқа дәріні өзгесіне алмастыруға қарсы. Биыл мемлекет трансплантологиядан кейін емделушілер тұтынатын швейцариялық дәріні үндінің препаратына ауыстыру мәселесін көтеріп жатыр. Осылайша, бюджет қаржысын үнемдемек. Ал, заң бойынша бір мүшесін ауыстырған адам тұтынған дәрісін өмірінің соңына дейін ішуге құқылы екен. Осы орайда науқастар «мемлекет адам саулығын емес, қаражат шығынын бірінші кезекке қойып отыр» деп наразылық білдіруде.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

 - Даудың басы дәл осы дәрілерден басталды. Мәселен, «селлсепт» деп аталатын дәрі денедегі бөтен ағзаның сүйеніші, әрі  қалыпты қызмет етуіне мүмкіндік береді. Енді оны үндінің арзан, әрі көшірме дәрісімен алмастырса ағзаға кері ықпалы тие ме де қорқады науқастар. Алаңдаушылық білдірген емделушілердің арасында бүйрегін ауыстырған Дархан Ерғалиев те бар.

Дархан Ерғалиев сегіз ай бұрын бүйрегін ауыстырған. Содан бері сапалы дәріні ішіп, денсаулығы түзеліп келеді. Бір өлімнен аман қалған азамат жаңа дәріге күмәнмен қарайды. 

Дархан Ерғалиев, бүйрегін ауыстырған науқас:  

 - Бұл дәріден соң бүйрегімнің жұмысы тоқтап қалуы мүмкін.  Онсызда аз қиналған жоқпын. Қайтадан төсек тартып қалсам, не істеймін?!

Елімізде трансплантология жасатқан 1500-нан астам адам бөтен  орган қалыпты жұмыс істеу үшін күн сайын селлсепт, програф, метипред, вальцит сияқты дәрілерді тұтынады. Енді оны үндінің генерик дәрілеріне ауысуын  білікті дәрігерлер де құптамай отыр.

Даулы мәселе күздің соңында басталған еді. Министрлік үндінің көшірме дәрісі 2 есе арзан болған соң осындай ұсыныс тастағанын айтып қалды. Өйткені, түпнұсқа дәріге жылына 550, ал, генерик дәріге 250 млн. теңге жұмсалады. Он ойланып, жүз толғанған тараптар ақырында мынадай шешімге келді.

Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрайымы:

 - Осы уақытқа дейін орган ауыстырған науқастар түпнұсқа дәріні ішуді жалғастырады. Ал, енді операция жасатқандар үндінің генерик дәрісін тұтынады. Яғни, заңға сәйкес алғаш тұтынған препаратты өмірінің соңына дейін ішеді.

Алайда, трансплантологияны бастан өткерген «Сенім» қоғамдық бірлестігінің өкілдері бұл шешіммен келіспейді.

Ержан Мұхамадиев, «Сенім» бүйрек мүшесін ауыстырған науқастар қоғамы» ҚБ төрағасы:

 - Бізге нақты дәлел керек. Сонда көнеміз.

Бірлестік өкілдерінің бұлай ашынуына да себеп бар. Өйткені, елімізде органын ауыстыруға тағы 3,5 мың науқас кезекте тұр. Тағдырластар «түйткілдің түйіні әділ шешіммен тарқамайынша, бұл өзгеріске келісімімізді бермейміз» деп отыр.   

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу