Осыдан 5 жыл бұрын шала туған нәрестелердің жартысын ғана аман алып қалу мүмкін болатын. Биыл бұл көрсеткіш 80 пайызға жеткен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері хабарлады. Соңғы жылдары заманауи технология мен білікті мамандардың арқасында өте төмен салмақпен мерзімінен бұрын дүниеге келетін сәбилердің де өмір сүру деңгейі артты. Шала туған нәрестелердің Халықаралық күні қарсаңында тілшіміз Раушан Сайлауқызы мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилермен жүздесті.
Бұл - 600 грамм салмақпен алты айында дүниеге келген Сырғалым. Шала, оның үстіне жүрегі мен басындағы ақауға операция жасалған. Қазір бүлдіршін 1,5 жаста. Жүреді. Сөйлейді. Тәтті қылығы да шыға бастаған.
Әсел Нұрпейісова, Сырғалымның анасы:
- Қорқыныш әрине, болды. Бірақ, келгеннен кейін, осында емімізді алғаннан кейін, көріп отырғандарыңыздай, балам жүріп, еңбектеді. Сондай нәтижелерге жеттік.
Ал, Назерке туғанда небәрі 1 келі еді. Қазір ол 7 жаста. Мектеп оқушысы. Ой-өрісі дамыған. Салмағы да жасына сай. Көзін ашқалы көргені ақ халаттылар болған соң, осындағы асыл жандарды өзіне анасындай жақын көреді.
Кезінде ата-бабамыз тымақта өсіріп, жүн киімге ораған сәбилерді қазір аман алып қалудың түрлі тәсілдері бар. Оның үстіне бабы мен бағуын келістірген мамандардың да еселі еңбегі зор.
Өздігінен демала ала алмайтын нәрестелерге тыныс алу қондырғысы көмектеседі. Ал, «кувез» деп аталатын бесік тәрізді төсек ана құрсағын алмастырады. Мәселен, мұнда жатқан нәрестенің салмағы небәрі 600 грамм. Бойы менің білегіме де жетпейді. Шақалақ салмақ жинап ширағанша осында жатады.
Мамандар жүкті әйелдердің денсаулығына салғырт қарауынан мерзімінен бұрын босану фактілері жиі тіркелетіндігін айтады. Елімізде жыл сайын салмағы 450-ден 2,5 келіге жетер-жетпес 25000-ға жуық нәресте дүниеге келеді. Қазір бізде олардың денсаулығын әбден өсіп жетілгенге дейін бақылайтын катамнез кабинеттері жұмыс істейді.
Балжан Тәтебекова, неонатолог:
- Катамнез кабинеті әлем елдерінде әлдеқашан бар. Бізде 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда салмағы 1 келіге жетпей шала туған нәрестелердің денсаулығын өскенге дейін білікті мамандар бақылайды.
Қазақстанда 600 неанатолог маман жұмыс істейді. Десе де, бұл жеткіліксіз. Сондықтан да, министрлік тарапы жастарды осы салаға тартудың жолын қарастырып, гранттарды көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл Сырғалым сияқты қаншама сәбидің аяқтан тұрып, қатарға қосылуына мүмкіндік берері сөзсіз.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ