Еліміздегі радиология саласының болашақ мамандары Оңтүстік Кореяда тәжірибе алмасады. Бұл мүмкіндік Астанада өткен VII Еуразиялық радиологиялық форум аясында белгілі болды. Қазір Қазақстанда диагностикалау саласында 3000-ға жуық маман бар. Технология жеткілікті болғанымен, кадр тапшылығы мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Бас қосуда әлемнің 25 елінен келген білікті мамандар рентген-радиология қызметі, сәулелі диагностика, ядролық медицинадағы жаңа технологиялар туралы тәжірибелерімен бөлісті. Елімізде дендеп тұрған жүрек-қан тамыр, өкпе туберкулезі, сүт безі обыры сияқты ауруларды ерте анықтаудың тың тәсілдері де дәл осы жиында айтылды.
Раушан Рахымжанова, Қазақстан рентгенорадиологтары қауымдастығының президенті:
- Қазір елімізде бұл сала қарқынды дамып келеді. Еуропалық радиология қауымдастығының толыққанды мүшесі болуымыздың өзі – үлкен мәртебе. Әлем тәжірибесінен қалыс қалмау үшін барымызды салып жатырмыз. Жалпы, сапалы емдеудің 90 пайыз нәтижесі – дұрыс диагноз қоюға байланысты. Осы тұрғыда қазақстандық мамандар үшін мұндай форумдардың маңызы зор.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ