Семей Медицина университетінің ғалымдары ғаламдық зерттеуді қолға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семей Медицина университетінің ғалымдары ғаламдық зерттеуді қолға алды

20.06.2014
Семей Медицина университетінің ғалымдары   ғаламдық зерттеуді қолға алды
Семей Медицина университетінің ғалымдары жапондық және ресейлік әріптестерімен бірлесе отырып, жаңа ғылыми зерттеу жұмыстарына кірісті.
 
Ғылыми жоба  ядролық реакторды қолдана отырып, иондалған сәуленің ағзаға әсерін зерттеуге бағытталған. Үш жылға созылатын ғылыми зерттеудің адамзат үшін маңызы зор болмақшы.
 
Семейде тұңғыш рет қолға алынған ғылыми-тәжірибелік зерттеудің авторы - жапондық Хиросима университетінің профессоры, Хоши Масахару.
 
Ол 30 жылдан бері радиациялық биология саласында еңбек етеді. Ресейдің ғылыми орталықтары және Семей Медицина университетімен тығыз қарым-қатынас орнатқан ғалым радиация мен иондалған сәуленің адам ағзасы мен қоршаған ортаға әсерін зерттеумен айналысады.
 
Хоши Масахару, Хиросима университеті радиациялық биология институтының профессоры:
Аталмыш іс-тәжірибе радиацияның ағзадағы ішкі әсерін зерттеуге бағытталған. Себебі, бұл туралы біз әлі білмейміз. Сондықтан, радиацияның теріге, шаштың түсуіне, жалпы денсаулыққа қалай әсер ететінін зерттегіміз келеді. Екіншіден, радиацияның жалпы тіршілік иелеріне тікелей ықпалын бақылауға мүмкіндік алып отырмыз. Сондықтан,тәжірибенің жаңалығы да осында.
 
Бірегей ғылыми тәжірибенің мақсаты - әртүрлі радиациялық сәуленің кеміргіштер мен олардан тараған ұрпақтарына тигізетін әсерін зерттеу. Сондай-ақ, ағзаға жиналған радиация мөлшері мен тұқым қуалау дәрежесін анықтай отырып, толыққанды мәліметтерге қол жеткізу.
 
 Ғылыми тәжірибе тышқандарға жасалады. Олар Курчатов қаласындағы ұлттық ядролық орталықта сәулеленуден өтеді. Бұдан кейін зерттеу жұмыстары медицина университетінде жалғасады.
 
Тәжірибені бақылаушы ғалымдардың айтуынша, аталмыш ғылыми зерттеудің адамзат үшін маңызы зор. 
 
Валерий Степаненко, РФ Медициналық радиологиялық ғылыми орталығы зертханасының меңгерушісі:
Жапондық ғалымдар Нагасаки мен Хиросимадағы жарылыстарды бастан өткерген халықтың денсаулығына радиацияның әсерін тұңғыш рет байқаған. Бұл әсерлерді 1986 және 2002  жылғы дозиметриялық жүйе бойынша түсіндіру мүмкін емес. Сондықтан, осы жүйелерді қайта қарастыру қажет. Жүргізілетін зерттеулердің болашағы зор және адамзат тарихындағы ең маңызды ғылыми зерттеу саналады.
 
Тәжірибе 3 жыл бойы жүргізіліп, 2017 жылы аяқталады. Зерттеу нәтижелері отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланып, республикалық және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда талқыланады.
 
Тек содан кейін ғана оны медицинада қолдану жайы қарастырылатын болады.
 
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу