Семейлік университеттің шетелдіктерге берген дипломы жарамсыз ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейлік университеттің шетелдіктерге берген дипломы жарамсыз ба?

18.09.2019

Семейдегі медицина университетін тәмамдаған үндістандық азаматтардың дипломдары жарамсыз болып шықты. Себебі, құжат қате толтырылған. Өз елдерінде «медицина бакалавры» екендіктерін растай алмаған шет ел азаматтары Шығыс Қазақстан облысының әкіміне шағымданған. Алайда Университет ректоры үндістандық азаматтардың атынан жазылған хат жалған болуы мүмкін дейді. Даулы мәселе жайлы Семейдегі тілшіміз Ержан Жақып баяндасын.

Семей медицина университетінен алған дипломда аты жөніміз қазақ және орыс тілдерінде қате жазылған. Сол себепті Үндістанда оны растай алмай отырмыз-деген мазмұндағы хат облыс әкімнен бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі мен Бас прокуратураға да келіп түскен. Облыстан «Нұр Отан» партиясы комиссия құрып, оқу орында тексеру жүргізіп, шынымен қателік кеткен деп шешім шығарған. Нәтижесінде Семейдегі оқу орнының ректорына сөгіс жарияланды.

Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:

Сіздер құжаттарды дұрыс толтырмайсыздар. Оқу орындарыңызда білім алған адамдарға мәселе туындатып отырсыздар. Енді олар қайта келсе, біз түзетіп береміз дейсіздер. Бұл дұрыс емес. Ректорға сөгіс жариялансын! 

Алайда, Семейдегі медицина университетінің ректоры Ерсін Жүнісов болса, партия атынан құрылған комиссия тексеруді шалағай жүргізіп, асығыс шешім қабылдады-деп отыр. Оның айтуынша, үндістандық 79 азаматтан келіп түсті деген арыз жалған.

Ерсін Жүнісов, Семей қаласының мемлекеттік медицина университетінің ректоры:

Келіп түскен шағымдағы 79 студенттің, бітіріп кеткен түлектің қол қойған қолдарымен біздегі бар паспортының копиясымен, дипломды берген кітаптағы тізімдегі қолдарымен салыстырсақ, 100 пайыз бір де біреуі келмейді. Яғни, біздің ойымыз бұл жалған немесе анонимка. Яғни, бізге жала жауып отырған басқа бір күштердің ықпалы ма-деп отырмын.  

Ректор арыздың жалғандығы оның жазылған күнінен де көрініп тұр дейді. Мәселен, шет елдік бітіруші студенттер шағымға 30 шілде күні қол қойған. Шын мәнінде ол азаматтар одан 20 күн бұрын өз елдеріне қайтып кеткен көрінеді. Сондай-ақ үндістандық студенттермен телефон арқылы хабарласқанда, олардың тарапынан шағым болмағандығын айтқан. 

Ерсін Жүнісов, Семей қаласының мемлекеттік медицина университетінің ректоры:

Халықаралық деңгейде жұмыс істеп келе жатқан университетпіз. Мынандай нәрсені бізге, жала жауып өстіп жағып жатқан кезде өкінішті. Біздің имеджге, репутацияға. Менің ғалым ретінде, ұйымдастырушы ретіндегі репутацияма қатты әсер етіп жатыр. 

25 жылдан бері шетелдік студенттерді оқытып келе жатқан беделді оқу орнының ұжымы өз құқығымызды қорғаймыз деп бекніп отыр. Олар құқық қорғау органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсірмек.   

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу