Шығыс Қазақстан облысының барлық мектептерінде 1 қыркүйектен бастап «Саналы ата-ана» курсы енгізілмек. Бұл жас жеткіншектерді отбасылық өмірге дайындау, ата-аналық жауапкершілікті дамыту мақсатында қолға алынады. Қанатқақты жоба еліміздегі «Бақытты отбасы» жол картасы аясында жүзеге аспақ. Бұл туралы Семейге жұмыс сапармен келген ҚР Президенті Әкімшілігінің жанынан құрылған арнайы топ жетекшісі айтты.
Жұмыс тобы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды зерделеп, жинақтайды. Комиссия мүшелері қала мен аудандарда 70-ке жуық әлеуметтік нысанды араламақ.
Динара Зәкиева, Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары:
Балалардың құқын қорғау және отбасылармен жұмыс жүйесін толық зерделеп, оның тиімділігін, нәтижелілігін зерттейміз. «Отбасы – шағын мемлекет» деп бекер айтылмаған. Жалпы, отбасындағы жағдайдың дұрыс болуы, қоғамның дамуына да әсері етеді. Сондықтан біз жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын, әртүрлі отбасылармен қалай жұмыс істелетінін, тұрмысы төмен жанұяларға қандай көмек көрсетілетінін зерделейміз.
Ержан ЖАҚЫП