Мамандар сұранысқа сай даярланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамандар сұранысқа сай даярланады

28.05.2019

Бұдан былай еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярланады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова айтты. Осы ретте тенхникалық-кәсіптік білім берудің үлесін дамытуға басымдық беріледі. Ал, сапалы кадр даярлауда дуалды оқыту жүйесіне екпін қойылмақ. Себебі елімізде теорияны өндіріспен ұштастыра оқыған тәлімгерлердің үлесі небәрі 19,8%.

Жас маман бірден жұмысқа тұрып кете алмауы да сондықтан. Тәжірибесі жоқ маман жұмыс берушіге қажет емес. Ал, дуалды оқытудың ілгерілеуін практиканы ұйымдастырудағы кәсіпорын шығынының өтелмеуі, оқушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету мәселелері тежеп отыр. Түйткілді мәселелерді шешу үшін Күләш Шәмшидинова бірқатар ұсыныс айтты.

Күләш Шәмшидинова, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Дуалды оқытуға қатысатын кәсіпорындардың шығындарын өтеуді ұсынамыз. Барлық студентке қауіпсіздік техникасы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік курстарын ұйымдастырумен қатар, олардың өндіріс талаптарына сай сынақ тапсырып, кәсіпорындарда практикадан өтуге рұқсат алуын да қамтамасыз етуіміз қажет. Өнеркәсіпті ынталандырудың басқа жолдарын қарастыру да маңызды. Осы орайда, «Алтын сапа» шарасында дуалды оқыту жүйесін енгізген «Үздік кәсіпорын», «Үздік тәлімгер», «Техникалық кадрларды дайындайтын үздік колледж» номинацияларын қарастыруды ұсынамыз.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу