Астана экономикалық форумы шеңберінде танымал экономистермен ашық лекция форматында кездесу ұйымастырылды. Шараға қатысушылардың дені жастар болды. Назарбаев Университеті студенттері мен жас ғалымдар Нобель сыйлығының лауреатына, Колумбия университетінің профессорларына сұрақ қойып, пікір алмасты. Осындай AEF Talks форумның 11 жылдық тарихында алғаш рет өткізіліп отыр. «Адам, қала, экономика» тақырыбын талдағандар әлем экономикасында болып жатқан өзекті мәселелерді айтып, оны шешу жолдарының модельдерін құрастырды.
Владислав Иноземцев, Постиндустриалдық қоғамды зерттеу орталығының директоры (Мәскеу, Ресей):
- Бүгінгі дәрісім төртінші өнеркәсіптік революция тақырыбына арналып отыр. Оның халықаралық экономикаға тигізер әсері мен елдердің саяси тұрақтылығы мен әлеуметтік қоғамға ықпалын айтамыз. Еуропа мен Азия арасында көпір орнатқан Қазақстанды төртінші өнеркәсіптік революция айналып өтпейді деп сеніммен айта аламын. Өйткені Қытай озық технологияларды дамытып отырған бірден-бір мемлекет. Осы форумға келген ешбір ғалым келешекті айта алмайды, біз тек болжам жасаймыз. Ал жаңа технология адам интеллектін алмастыра алмайды. Оған сенімдімін.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ