Алматыда экологиялық жобалар бойынша балалар байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда экологиялық жобалар бойынша балалар байқауы өтті

29.04.2019

Шараға әлемнің 8 елінен келген оқушылар мен мұғалімдер қатысты. Үш күн бойы жас жеткіншектер ауаға көмірқышқыл газының таралуын азайту және су ресурстарын үнемдеу жөнінде инновациялық идеяларымен бөлісті.

Жанель Аршабекова – Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Мұғалімі мен екі оқушысы ерекше құрылғы ойлап тапқан. Біріншісі – мынадай климаттық қобдишаны оңтайлы оқуға арналған мобильді қосымша болса, екіншісі – ауаның температурасы, ылғалдығы мен ондағы зиянды заттарды анықтайтын робот.

Жанель Аршабекова, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:

- Бұл роботты біз мысалы теплоэлектростанция немесе басқа да зауыттардың маңайына орналастырып, ол жақтағы СО2-нің ылғалдығын, концентрациясын, бірден алуға көмектеседі. Бұл жердегі роботтың ерекшелігі – тек бір ғана зауытқа негізделмей, бірнеше зауыттарға барып, сол жердің ылғалдығын, температурасын өлшей алады.

Жанель сияқты өнертапқыштар мен табиғат жанашырлары Алматы қаласында бас қосты. Әрқайсысының жобасы ерекше. Әрбірі - табиғатты қорғау мен аялауға бағытталған бастама. Тек қолдауды қажет етеді.

Рамазан Жанпейісов, БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасы урбанизация және тұрақты даму бойынша департаментінің директоры:

- Оқушылардың жұмыстарын әрі қарай жетілдіру үшін жеңімпаздарға қаржылай көмек көрсетеміз. Үздік деп танылған жобаларға миллион теңге бөлуді қарастырдық. Бүгінде білім министрлігімен байланысымыз беки түсті. Табиғаттың өзгеруін түсіндіру бағытында мектептерде сабақ өткізіліп жүр. Аталмыш жоба Ресей траст қорының және Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының арқасында жүзеге асырылып жатыр.

«Жаһандық жылыну салдарымен күресу әр адамның қолынан келеді. Сондықтан табиғатты аялауға жанашырлықты жастайынан қалыптастыру керек», - дейді халықаралық ұйым өкілдері. Осы мақсатта БҰҰ Даму бағдарламасы климаттық қобдиша ойлап тапқан. Еңбектің негізгі көздегені - мектеп оқушыларына жаһандық жылыну туралы жан-жақты ақпарат тарату.

2014 жылы Назарбаев мектептерінен бөлек, елорданың 15 білім ордасына «Климаттық қобдиша» қойылды. Осы арқылы балалар жаһандық үрдіске үңіле отырып, ондағы мәселелермен танысып жүр. Ал, экологиялық жобалар бойынша ауқымды конкурстың соңғы күнінде қатысушылар дөңгелек үстелге қатысып, білімдерін шыңдады.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу