Алматыда VI Халықаралық Фараби оқулары өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда VI Халықаралық Фараби оқулары өтіп жатыр

04.04.2019

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде VI Халықаралық Фараби оқулары басталды. 12 сәуірге дейін созылатын зерттеулер алаңына отандық ғалымдар мен алыс-жақын шет елдердің сарапшылары қатысып жатыр.

Олар дәстүрлі форум аясында өзара пікір алмасып, ежелгі ғылым мен бүгінгі технологияның байланысына қатысты тың жобаларын ұсынбақ. Ұйымдастырушылардың сөзінше, Фараби оқулары небәрі алты жылдың ішінде халықаралық деңгейге көтерілді. Себебі бұған қатысқан ғалымдардың еңбектері ең көп сілтеме жасалатын зерттеулердің қатарына кіреді. «Сондықтан бұл отандық ғалымдардың әлемдік ғылым кеңістігіне еркін қанат қағуына жол ашады»,-дейді мамандар.

Ғалымқайыр Мұтанов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры:

- Осы замандағы негізгі проблемалар, ғылымның дамуы, қоғамның дамуы, өркениеттің дамуы бағытында әлемнің әр елінен белгілі ғалымдар келіп, өз ой-пікірлерімен бөлісіп, осы жерде жақсы бір ұсыныстар айтып кетеді. Өздеріңіз білесіздер, келесі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығы аталып өтпек. Қазір ЮНЕСКО тізіміне кіріп жатыр. Сондықтан үлкен тойға, іс-шараға дайындық деп санаймыз.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу