Белгілі математик Шалтай Смағұловқа арналған кітап жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Белгілі математик Шалтай Смағұловқа арналған кітап жарық көрді

01.04.2019

Биыл көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы Шалтай Смағұловтың туғанына - 70 жыл. Осыған орай,  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Өнелегі өмір» сериясы бойынша ғылыми-танымдық кітап жарық көрді. Туындыда ғалымның таңдамалы еңбектері, әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері топтастырылған.

Шалтай Смағұлов туралы кітаптың тұсаукесеріне елге белгілі математиктер келді. Олар үздік ғалым, ұлағатты ұстаздың ғибратты ғұмыры туралы жастарға сыр шертті. Ал, 5 бөлімнен тұратын жинақта ғалымның ғылыми теориялары мен сирек кездесетін мұрағат құжаттары топтастырылған.

Тынысбек Калменов, физика-математика ғылымдарының докторы:

Шалтай Смағұлұлы Қазақстанның аса көрнекті математигі. Ол Новосибирск университетінің 4-5-ші курсында оқып жүргеннің өзінде үлкен жаңалық ашып, сол жерде қалған болатын. Ол кандидат, доктор боламын деп емес, үлкен проблемаларды шешсем деп ойлайтын. Ол нағыз ғалымның ойы, мақсаты да сондай болды.

Шалтай Смағұлов 53 жыл ғана өмір сүрсе де, осы уақыт аралығында 8 монография жазған ғалым. Сондай-ақ, оның жетекшілігімен 60-тан астам кандидаттық, 10 докторлық диссертация қорғалған. «Сондықтан, оның қазақ ғылымына сіңіргенеңбегі зор»,- дейді әріптестері.

Мұхтарбай Өтелбаев, физика-математика ғылымдарының докторы:

Қазақстанға есептеу математикасының саласын сол алып келді. Есептеу математикасы қазір ең қажетті салалардың бірі.

Бүкіл өмірін ғылымға арнаған Шалтай Смағұловтың еңбектері  өте өзекті. Өйткені, еліміздегі мұнай-газ шығаратын орындарға компьютерлік бақылау жасайтын алғашқы ақпараттық жүйелер осы ғалымның бастамасымен жасалған.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

Хабарламаларға жазылу