Қазақ археологтары Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқыды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ археологтары Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқыды

05.03.2019

Белгілі қазақ археологтары Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттері мен оқытушылар құрамына арнайы дәріс оқып, қазақ даласынан табылған тарихи жәдігерлерімен таныстырды. Мәселен, ғалым Зейнолла Самашев былтыр Елеке сазы жазығындағы қорғандардан шыққан құнды заттардың суреттерін көрсете отырып, олардың шығу тарихы мен мән-маңызын әңгімелеп берді. Ал, археолог Әбдеш Төлеубаев Шілікті жазығындағы ерте сақ дәуіріне жататын тарихи ескерткіштерге тоқталды. Ол осы жерден анықталған түрлі стильдегі 2 мыңнан аса әшекей бұйымдардың арқасында өзі қалпына келтірген Қазақстандағы 3-ші «Алтын адамды» да көрсетті. Кездесуге келген ресейлік ғалымдар мен жастар, тұтас алтыннан құйылған жәдігерлердің бейнесіне қарап, қазақ жерінде көне заманның өзінде зергерлік өнер мен металлургияның жоғары деңгейде дамығанын көруге болады деген ойларын айтты.

Анатолий Канторович, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Археология кафедрасының меңгерушісі:

- Біздің студенттер белгілі ғалым Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтардың еңбектерін, олардың тапқан жәдігерлерін 1-ші курстан бері оқып-танысып келеді. Қазақ археологтары зерттеген қорғандар туралы білу біз үшін өте қызық. Оның үстіне бүгін әлі ресми түрде жарияланбаған көптеген құнды мәліметтермен бірінші болып таныстық.

Зейнолла Самашев, археолог, тарих ғылымдарының докторы:

- Осындай шаралар халықаралық және ғылыми қатынастарды нығайту үшін керек. Оның үстіне Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласында айтылған көп нәрселерді бұлар жақсы біледі.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу