Сүлеймен Демирел атындағы университетте үздік оқушыларға 300 грант беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сүлеймен Демирел атындағы университетте үздік оқушыларға 300 грант беріледі

04.03.2019

Алматы облысы, Қаскелең қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университетте «SDU Proficiency Test» олимпиадасы өтті. Бұл – «Жастар» жылы аясында білімге құштар өрендерді қолдауға негізделген білім аламаны. Осы білім додасы арқылы талапкерлердің мамандық таңдауына көмек көрсетіліп, грант пен арнайы жеңілдік ұтып алуларына мүмкіндік беріледі.

Алматылық  Әкежан Русланұлы - Шона Смаханұлы атындағы № 62 гимназияның жаратылыстану саласы бағытында оқиды. Физика кластері бойынша физика, математика, ағылшын тілі пәндерін жан-жақты меңгерген. «Алтын белгіге» үміткер оқушы бұған дейін бірнеше олимпиадаға қатысып, мол тәжірибе жинаған.

Әкежан Сағидрахманов, қатысушы:

- СДУ-де тест тапсыруға, яғни, грант ұтып алуға үміткермін. Басқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Осы университетке түсіп, грант ұтып аламын деп ойлаймын.

Бұл тестілеу форматындағы олимпиада физика, география, химия-биология, ағылшын тілі, әдебиет және тарих пәндері бойынша 6 кластерден тұрады. Сұрақтарды әлемдік тәжірибеге сүйенген зияткерлік мектептердің белді ұстаздары дайындаған.

Омарбек Көшкенбайұлы, ұйымдастырушы:

- Бұл ата-аналарға қаржылық үлкен көмек, баланың ата-анасына көмегі. Сондықтан, мұндай олимпиаданы балалар жіберіп алмауы керек. Яғни, Жастар жылындағы жастарға деген мүмкіндікті әр бала пайдалану керек деп ойлаймын.

Озық ойлы жастарды анықтайтын олимпиаданың ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Себебі, биыл бір уақытта елдің 22 қаласында өтті. Ауқымды шараға 11 мыңға жуық үміткер қатысқан. Үздік нәтиже көрсеткен 300 талапкер 10 наурыз күні 4 жылға жарамды 100 пайыздық грант пен арнайы жеңілдіктерге ие болады. Сондықтан, университет ұжымы талапты жастарды жігерлендіретін білім додасын одан әрі жалғастырмақшы. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу