Алматыда оқушылардың республикалық олимпиадасы өтті

05.03.2018

Алматыда республикалық «SPT» олимпиадасы өтті. Дәстүрлі білім жарысы Елбасының Жолдауындағы «Адами капитал  жаңғыру негізі» бағытын іске асыруға арналған. Ал, осы жылдарда олимпиада арқылы 100-ге жуық оқушы тегін білім грантын иеленген. Биыл да мұндай оқу мүмкіндігін алу үшін бақ сынаған шәкірт көп.

Биылғы олимпиада жылдағыдан ерекше болды. Өйткені, білім жарысының сапасы мен үміткерлердің саны да артып отыр. Алғашында 900 оқушы қатысуға ниет білдірсе, осы жылы елдің әр аймағынан келген 16 200 талапкер бақ сынады.

Даврамжан Гаипов, Сүлеймен Демирел университетінің проректоры:

- Бұл олимпиада үлкен сұранысқа ие. Не үшін? Өйткені, бұл олимпиадаға оқушылардың өздерінің орналасқан мекен-жайына жақын орталықта ақысыз тіркеліп, олимпиадаға қатысу мүмкіндіктері бар. Бұл олимпиада екінші жағынан бірыңғай ұлттық емтиханға да дайындық ретінде қарастыруға болады.

Олимпиада тестілеу форматына сай, 6 бағытта өрбіді. Оқушылар физика, география, химия, биология, ағылшын тілі, әдебиет және тарих пәндері бойынша жүктелген тапсырмаларды орындады. Ал, тест сұрақтарын беделді зияткерлік мектептердің ұстаздары құрастырып, арнайы қоғамдық кеңес мақұлдаған.

Мәдина Жұмабекова, олимпиадаға қатысушы:

- Бұл олимпиаданың оқушыларға берері өте көп. Өйткені, грант ұту арқылы оқу орындарына түсуге жеңілдіктер алады. Сондай-ақ, алға қарай ұмтылуға өз септігін тигізеді. Бүгінгі болған ішкі олимпиада мен үшін қиынға соққан жоқ. Сұрақтары, тапсырмалары жеңіл.

Шарада кәсіптік бағдар беру жұмыстары мен білім беру көрмесі, шеберлік-сыныптары да ұйымдастырылды. Ал, жарыста үздік нәтиже көрсеткен 30-ға жуық талапкерге Сүлеймен Демирел университетінің 100 пайыздық оқу гранты табысталса, 100-ге жуық оқушыға басқа да жеңілдіктер жасалды.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу