Қазақстандық ғалымдардың еңбегі Еуропада сұранысқа ие - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық ғалымдардың еңбегі Еуропада сұранысқа ие

19.02.2019

Оған Францияның Страсбург қаласында жұмыс істейтін жерлестеріміз дәлел бола алады. Олжас Ыбырайқұлов пен Әсел Мұсабекова Эльзас жерінде докторлық диссертация қорғап, өте маңызды ғылыми зерттеу жүргізіп жүр. Бірі химия-физика, екіншісі биология саласының білгірі.

Ғарыш кемесіне ұқсайтын мына алып зертхананы француздар қазақ жігітіне сеніп тапсырған. 34 жастағы Олжас Ыбырайқұлов мұнда іргелі зерттеумен айналысады. Ғылымға оқушы кезінен құмартқан ол «Болашақ» бағдарламасымен алдымен Жапонияда білім алған. 2016 жылы Страсбург университетінде PhD қорғап, сонан бері осында ғылыми қызметкер. Күн энергетикасын, органикалық күн батареяларын зерттейді.

Олжас Ыбырайқұлов, Страсбург университетінің ғылыми қызметкері:

- Біздің жұмыс - жаңа материалдарды зерттеу. Кішкентай лабораториялық күн панельдерінен бастап үлкенірек модульдерге дейін шығарамыз.

Олжастың жары Әсел- биолог. Ұлыбританияда магистратураны тәмәмдап, біраз уақыт АҚШ-та тәжірибе жинаған. 4 жыл бойы Франция үкіметінің грантына оқып, жақында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Нобель сыйлығының иегері, атақты француз ғалымы Жюль Хоффманмен бірге қазір Страсбургтағы жәндіктердің иммунологиясы мен вирусологиясы зертханасында қызмет етіп жүр.

Әсел Мұсабекова, биолог-ғалым:

- Жеміс-жидекті, алма мен бананды ашып тастап кетсек, үстіне дереу шыбын қонатынын білесіздер ғой. Мен сол жеміс шыбынының ағзасындағы вирустарды тануға қабілетті ақуыздардың жаңа түрлерін зерттеумен айналыстым. Себебі шыбын мен адам ағзасының вируспен күресу механизмі қатты ұқсас. Осы шыбындармен Қазақстанда да түрлі зерттеулер жүргізуге болады. Өйткені зерттеуге қажетті реагенттерді дер кезінде сатып алу бізде қиын. Ондай қымбат реагенттерден гөрі, осындай арзан әрі қарапайым үлгілерді пайдалануымыз керек.

Екі қыз тәрбиелеп отырған Олжас пен Әсел болашақта Отанға оралып, бар жиған-тергендерімен бөлісуден үмітті.

Әсел Мұсабекова, биолог-ғалым:

- Мен елге барып сабақ беруден бастағым келеді. Мектептерде оқушылар, кішкентай балалар зерттеудің не екенін білсе деймін. Олардың ғылыммен айналысуға құштарлығын арттырып, тек өз білімімен ғана жетістікке жететіндерін жеткізгім келеді.

«Қазақстандық зертханалар әлемдік зертханалармен ынтымақты арттырса», - дейді жас ғалымдар. Өздері де соған барынша күш салмақ. Ұшқыр ойлы, білімді, өз ісіне жауапты қазақ жастарын Еуропа жұрты барынша бағалап отыр.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу