Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысында 72 мектеп басшысыз отыр

Ақтөбе облысында 72 мектеп басшысыз отыр

Өңірде 300-ден аса мектеп болса, оның 72-сі басшысыз отыр. Тіпті, 2016 жылдан бері директорсыз жұмыс істеп жатқан білім ордалары да бар екен. Мамандар мұның себебін немен түсіндіреді және мәселе қалай шешілмек?

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Басшысыз қалған мектептердің дені аудандарда орналасқан. Ал, бұл Мұхтар Арын атындағы Ақтөбедегі орта мектеп. Білім ордасына 2017 жылдан бері директор тағайындалмаған.

Бибінұр Қалапбергенова 1,5 жыл бойы мектепке директордың міндетін атқарып келеді. Білім ордасының бар ауыртпалығы өз  мойнында. 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз басшының жоғы жұмыс сапасына да әсер ететінін жасырмады.

Бибінұр Қалапбергенова, М. Арын атындағы орта мектеп директорының міндетін атқарушы:

- Ұжымға әсер етуі мүмкін. Дегенмен, мен осы мектепте 25 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан соң, міндетін атқарушы болып сеніп тапсырған соң, тырысып жүрмін.

Білім саласына жауаптылар «маман көп болғанымен сапа жоқ», дейді. Оның үстіне, жаңа ереже бойынша мектеп директорлығына тағайындау талабы күшейген. Үміткерлердің көбі байқаудан өте алмайды. 

Гүлназ Сүлейменова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бір жағынан ол да бар. Екінші жағынан ауылдық шалғай жерлердегі мектептерге  директорлар тағайындау қиындап кетті.

Директорсыз қалған мектептердің алпысы – ауылдарда. Әсіресе, Әйтеке би, Қобда, Ойыл, Шалқар, Хромтау аудандарына білікті маман жетіспей отыр. Бұл мәселе Білім басқармасы басшылығының есептік жиынында да қозғалды.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

- Жақсылап тұрып тексеру керек, қарау керек. Бір ауданда бір мектеп директоры табылмауы мүмкін емес. Не деген масқара?

Білім саласына жауаптыларға наурыз айының ортасына дейін барлық мектепке директор тағайындап болу тапсырылды. Егер мәселе шешілмесе, қалалық және аудандық білім бөлімі басшыларына шара қолданылатын болады.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу