Ақтаудың іргесіндегі Рауан ауылында мектеп жоқ. 500-ге тарта оқушы күн сайын көрші ауылға қатынап оқиды. Тасымалдайтын көлік те тапшы, сондықтан, шағын автобуста иін тірескен балалар діттеген жеріне әзер жетеді. Ал, жергілікті билік ауылға мектеп салу әзір жоспарда жоқ деп қамсыз отыр. Тақырыпты өңірдегі тілшіміз Аягөз Оралбайқызы тарқатады.
Балалардың көрген күні осы. Таңғы 07:00-ден жолға шыққан оқушылар автобусқа сыймай арпалысады. Көлік ішінде балаларға бас-көз болатын да ешкім жоқ.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Автобуста ине шаншар орын жоқ. 42 орындық көлікте шамамен 60 оқушы бар. Баланың аты - бала, мектепке жеткенше бір-бірімен жағаласып, бір орында отырмайды. Ал, көрші ауылдағы білім ордасына дейін 12 шақырым бар.
Рауан елді мекені Өмірзақ ауылына қарайды. 800 түтін бар, халық саны екі мыңнан асады. Аядай ауылда қордаланған мәселе көп. Әсіресе, тозығы жеткен жол әбден титықтатты, дейді тұрғындар. Жалғыз аялдама болған соң жұрт қоғамдық көлікті кез-келген жерден тоқтатып мінеді.
Жақсылық Аралбаев, ауыл тұрғыны:
Біздің оқушыларды күнде көреміз, жанымыз ашиды, қоқыстың үстінде тұрады жиналып. Ал, енді жол мәселесін біздер түсінбейміз, қайда айтарымызды да білмейміз. Енді болмайтын шығар деп, қойдық.
Баян Үмбетова, ауыл тұрғыны:
Үсті-басы шаң, аяқ киімдері тапталған, сөмкелері жыртылып мектепке барғанда апайлары ұрсатын көрінеді. Неге үстің лас, ата-аналар қарамай ма деп.
Оқушылар үшін екі ауылдың ортасына автобус бес мәрте қатынайды. Сонда да көлікке бала сыймайды.
Айтбай Қаржаубаев, көлік жүргізушісі:
Біздер балаларды көп мінгізсек, ата-аналар бізге көп мінгіздің деп сөйлейді. Біз енді баланы тастап кете алмаймыз. Сосын ешқандай аялдама жоқ. Аялдамасы жоқ жерге тоқтасақ, жол сақшылары бізге неге тоқтадың дейді.
Ауыл әкімі мәселенің жақын арада шешілмейтінін ашық айтты. Шағын елді мекенге мектеп салу тиімсіз. Тіпті , қосымша беретін автобус та жоқ. Бюджет қаржысына көлік жалдауға ғана шама жетеді.
Ербол Сарыев, Өмірзақ ауылының әкімі:
2019 жылдың бюджетіне 2 автобус жалға алуды енгізіп, қаражатын қарастырып жатырмыз. 2019-да біздер бірден қаңтар айынан қосамыз деп айтпаймыз. Себебі, салықтың түсуіне байланысты болады. Одан кейін оны конкурсқа береміз.
Ал, жол мәселесі келер жылы шешілетін сыңайлы. 12 шақырымға асфальт төселіп, 2 аялдама салынады. Сондай-ақ, ауыз су құбыры тартылады , тіпті спорт және ойын алаңдарын да саламыз деп сендірді ауыл әкімі. Алайда, талай табалдырықты тоздырған жұрт жергілікті биліктің уәдесі құр сөз күйінде қалма деп алаңдайды.
Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.