Павлодарлық бүлдіршіндер туған жердің қасиетті жерлерін мектепке дейін білетін болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық бүлдіршіндер туған жердің қасиетті жерлерін мектепке дейін білетін болады

10.12.2018

Павлодарлық бүлдіршіндер өз өңірлерінің ерекшелігін, қасиетті жерлерін, тарихи мұраларын мектепке барғанға дейін білетін болады. Аймақтағы балабақшаларға қанатты жоба ретінде «Өлкетану» бағдарламасы енгізілді. Бұл - республика бойынша алғаш қолға алынып отырған жоба.

Бұл - басы ғана. Балабақшадан түлеп ұшқан әр бүлдіршін енді туған жерінің тарихын, табиғатын, әдебиетін,  мәдени құндылықтарын, географиясын бір адамдай біліп шығады. «Өлкетану» бағдарламасының құрылымдық ерекшелігі сол, әр тақырып баланы селт еткізер қызықты деректермен басталады. Ал, тапсырмалар оқушының санасында жатталып қалатындай ықшам жазылған.

Құндыз Рахымжанова, қалалық Білім беру бөлімінің әдіскері:

Ересек топтардың балалары осы курс бойынша білім алып жатыр. Бұл курстың енгізілу мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың өз туған жерлеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, ұғымдарын толықтыру, сөздік қорларын байыту.

«Өлкетану» бағдарламасына негізінен патриоттық материалдар көптеп енгізілді. Себебі, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында осындай құндылықтарды жас буынға таныстыру міндеттелді. Сондықтан, балабақша қызметкерлерінен өзге, аймақтағы музей, мұрағат, Достық үйі және мәдениет үйлеріндегі мамандар балғындардың бойына туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңірмек.

Айгүл Мақан, Сәбилерге тәрбие беру этномәдени орталығының жетекшісі:

Біздің балабақшаның балалары осы мекемелерге барып сабақ өтеді. Осында олардың қызметкерлері келіп, дәріс береді. Барлығы бағдарламадағы тақырыпқа сәйкес.

Ата-баба кәсібі, халқымыздың шежіресі,  ұлттық өнер мен салт-дәстүр - бағдарламадағы негізгі бағыттардың бірі. «Өлкетану» сабағы орыс топтарында да ана тілімізде өтеді. 

 

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу