Астанада «Jas qalam» форумы ашылды
Журналистика – үлкен сұраныс пен қызығушылыққа ие мамандықтардың бірі. Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева «Jas qalam» форумының ашылуында осылай деді. «Jas qalam» форумы болашақ және жас журналистерді шыңдап, қызығы мен шыжығы мол кәсіпке әзірлейді.
Елордадағы жиын алдында бірнеше өңірде осындай форумдар ұйымдастырылған еді. Астанадағы форумға 100-ден астам жас қатысты. Жас журналистер тәжірибесі мол, елге танымал мамандар өткізетін тренингтер барысында өз сауалдарын қойып, бағыт-бағдар ала алады. Сондай-ақ, жастарға қазіргі трендтер, телевизиялық және баспа материалдарын сапалы, әрі шұғыл берудің әдіс-тәсілдері үйретіледі.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- Қаламның иесі болу, мықты журналистке айналу - айтуға ғана оңай шаруа. Ол үшін көп ізденіс, тәжірибе қажет. Сондықтан, бүгінгі форум маңызды, әрі сіздерге берері көп болмақ. Осындай пікір алмасу алаңдары қанаттарыңызды қатайтады, талаптарыңызды шыңдайды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жастарға әрі журналистикаға байланысты бастамаларды қолдауға әзір.
Тоқтар Болысов, Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры:
- Барлық қатысушыларды біріктіріп, әрі қарай әлеуметтік желілерде оларға тапсырма беріп, бір онлайн платформаға бекітіп, практикада өз әрекеттерін жасап, өз мақалаларын жазып, бізге жібереді. Әрі қарай біздің спикерлеріміз қарап, редакциясын жасап, әрі қарай дамытуға көмек береді.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
