Алматыда «Smart School» сыныбы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Smart School» сыныбы ашылды

06.06.2018

Онкологиялық дертке шалдыққан балаларға арналған «Smart School». Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында инновациялық сынып ашылды. Осы заманға сай білім беру құралдарымен жабдықталған арнайы кабинетте енді орталықта ем алып жатқан балалар сабақ оқиды.

«Smart School» деп аталатын оқу сыныбында барлық қолайлы жағдай жасалған. Мұнда балалар математика, тарих, ағылшын тілі пәндерін жəне робототехника сабақтарын оқи алады. Олардың ой-өрісін дамыту үшін шахмат ойнап, сурет салумен айналысуларына да мүмкіндік бар. Сондай-ақ, сыныпта музыка мен ертегілердің көмегі арқылы терапия сеанстары өткізіледі.  

Ләззат Манжуова, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы директорының орынбасары:

- Бізде көп жылдан бері №63 мектептен мұғалімдер келіп, сабақ беретін. Олар балаға орысша, қазақша сабақ береді. Басқа уақытта бала өзімен-өзі уақыт өткізеді. Әрине, «смарт сыныптың» ашылуы балаларға үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Орталықта бүгінде 100-ден астам бала ем алып жатыр. Солардың бірі - 10 жастағы Алима. Ол мұнда былтыр қазан айында келген. Емделу ұзаққа созылғандықтан, анасы «қызым замандастарынан қалып қоя ма», деп уайымдайтын. Енді баласы емін де үзбей, уақытын да тиімді өткізеді.

Гауһар Қабдешқызы, Алматы қаласының тұрғыны:

- Аурумен күресіп жатқанда біздің балаларымызға бұл өте жақсы. Ата-аналардың атынан үлкен алғыс айтамын. Тек ем ғана емес, сабағын оқып, 9 ай білінбей өтіп кетеді.

Орталықта дәріс беретін мұғалімдер сабақты онлайн режимде де өткізеді. Өйткені, сынып үлкен интерактивті тақтамен және экологиялық таза жиһаздармен қамтамасыз етілген. 

 

Аманкелді СЕЙТХАН

Хабарламаларға жазылу