Астанадағы №48 мектеп түлектерінің 14-і «Алтын белгі» иегері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы №48 мектеп түлектерінің 14-і «Алтын белгі» иегері

25.05.2018

Білім мерекесі қарсаңында аңғарғанымыз, ауылға қарағанда қаладағы сыныптастар саны көп пе дерсіз. Мәселен, елордадағы кейбір мектептердегі бітіруші түлектер 200-ге жуықтаса, ауыл-аймақтардағы білім ошақтарында небәрі бір-екі түлек ұшырғалы отырған мектептер бар. Дегенмен, бұл олардың білім алуына еш кедергі емес.

Соңғы сабақ, соңғы қоңырау күмбірі. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған балапандарымыз бүгінде алтын ұясымен қоштасқалы отыр. Бала шақтың балауса сәттері, еркеліктері дәл осы сыныпта, дәл осы партада қала бермек. Енді олар болашақтың баспалдағына қадам басады. Өмір атты күрежолдың төскейіне бет алады.

Аружан Ақмұхамед те бүгін ұясынан қанат қаққалы отыр. 11 жылын тек үздік бағамен бітірді. Мектебінің мақтанышы, қатарластарының алды. Дарынды қыз өнерден де кенде емес. Ән салады,  би билейді. Түрлі аспаптарда ойнайды.

Аружан Ақмұхамед, жас түлек:

- Мұғалімдермен де, сыныптастарыммен де қоштасу қиын болды. Бірақ та, өмір мұнымен бітпейді ғой. Әрмен қарай жалғаса береді. Сондықтан, мұғалімдерімді, осы мектепті сыныптастарымды мәңгі жүрегімде сақтап, ұмытпауға тырысамын.

Елордадағы №48 мектепте Аружаннан өзге 165 сыныптасы мектеп бітірді. Бұл саны жағынан қаладағы ең жоғары көрсеткіш. Білім сапасы да көңіл қуантарлық. Түлектердің 14-і «Алтын белгі», жетеуі «Үздік аттестат» иегері.

Ақмола облысына қарасты Молодежный орта мектебінің оқушысы Ильмира Шарафуллина да биылғы мектеп түлегі. Оқу озаты төрт тілді еркін меңгерген. Қоғамдық жұмыстардың да  белсендісі. Тек оның сыныптастары Аружандікіндей көп емес. Небәрі екеу ғана. Дегенмен, бұл мерекелік көңіл-күйді бұзуға кедергі емес. Ауыл-аймағы жиналып мектептің 51-ші түлектерін барынша сән-салтанатымен шығарып салуда.

Ильмира Шарафуллина, жас түлек:

- Мені көп нәрсеге үйретті. Мектебіміз кішкентай болғанымен, білім беру жағынан алда деп айта аламын. Ұстаздарыма деген алғысым шексіз.

Түлектердің жүздері қуанышқа толы болғанымен, жүректерінде қимастық бар. Салтанатты кеште әсем әндермен қатар, қоштасу вальсі орындалды. Ең әсерлі сәт - қоңыраудың соңғы сыңғыры соғылды.  

Уахит Оспанов, Молодежный ауылының тұрғыны:

- Ауыл мектебі болғанымен, білім беру деңгейі жоғары деп айта аламын. Ауылымыздағы жалғыз мектеп. Көркейіп, гүлдене берсін деймін.

Түлектерге дәл осы күн айтылар тілек те көп, артылар үміттің де салмағы басым. Мейлі, олар қаланың немесе қарапайым ауылдың оқушысы болсын. Бастысы, арман-мақсаттары - азат елдің тұтқасын берік ұстап, еңсесін тіктеуге үлес қосу. Сәт сапар, сіздерге, жас түлек!

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу