Сыңғырла, соңғы қоңырау! Расында да, бүгін мыңдаған түлек үшін жүрек дүрсілі әдеттегіден бөлек соққан күн. Себебі, санасына сауаттылықтың сәулесін түсіріп, көкейіне тәрбие дарытқан ордадан һәм ортадан кету оңай емес. Әлбетте, түлектердің жүзінен қимастық пен қобалжу байқалады.
Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназиядан бүгін 95 түлек үлкен өмірге қанат қақты. Олардың арасында Санжар Серікұлы да бар. Бір қызығы, Санжардың мектепке алғаш қадам басқан сәті мен 1-сыныпты аяқтап, тілшілерге берген сұхбаты жазылған бейнетаспа жеке мұрағатында сақталған.
Мектепке келгеннен-ақ білімге ұмтылған Санжардың қазір мақсаты айқын. IT мамандығына қызығатын ол болашақта Америкада білім алып, елімізде осы саланы дамытуды армандайды.
Санжар Серік, түлек:
- Бүгін 11-сынып бітіріп жатырмын. Көңіл-күй тамаша. Бірінші кезекте мұғалімдерге рахмет.
Бүгін Алматы облысындағы түлектердің саны алдыңғы жылға қарағанда әлдеқайда артқан. Мәселен, Боралдай кентіндегі №39 гимназияның өзінде 1368 оқушы білім алады. Оның 65-і биыл білім жорығындағы ақтық сын ҰБТ-ға жолдама алып отыр.
Гүлсім Кәкенова, Боралдай ауылы №39 гимназиясының директоры:
- Мектепте бірінші кезекте біз оқумен бірге, тәрбиені қатар алып жүрміз. Сондықтан, «Рухани жаңғыруға» байланысты көптеген іс-жоспар жасалып, жұмыстар атқарылды. Оның бір дәлелі үш ұрпақтың сабақтастығын көрсеткен «Өнерім - өмірімнің белгісі» атты шығармашылық кеш.
Ал, бұл мектеп - жас мектеп. Үш жыл бұрын ғана ашылды. Түлегі болмаса да, тілегі түзу ұжым білім салтанатын сабақтады.
Гүлнар Садықова, №81 «Astana Englih School» мамандандырылған мектеп-гимназиясының директоры:
- Біз басында 7-сыныпқа дейін қабылдадық. Олар қазір 10-сыныпқа келді.
Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы. 92 түлек тұр. Араларында алты бала «Алтын белгі» алса, тағы үшеуі үздік аттестат иесі.
Осылайша, елімізде мыңдаған түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. Олар енді әлдеқайда күрделірек кезеңге көшті. Мамандықты меңгереді. Ендеше, сәт сапар, жас түлек!
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ