Нунцио Квакварелли: Қазақстандық университеттердің рейтингі соңғы жылдары жылдам өсіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нунцио Квакварелли: Қазақстандық университеттердің рейтингі соңғы жылдары жылдам өсіп келеді

24.05.2018

Жақында жарияланған «Quacquarelli Symonds» рейтингі бойынша, біздің еліміз ең мықты жоғары білім жүйесі бар 75 мемлекеттің ішінде 37-ші орынға шықты. Ал, осы рейтингтің жекелеген оқу орындарына арналған тізіміне Қазақстанның 8 бірдей университеті енген. Бұл туралы Мәскеу қаласында өткен «QS WORLDWIDE - 2018» атты халықаралық конференция кезінде белгілі болды. Жиында Қытай, Гонконг, Ұлыбритания, Ресей сынды бірқатар елдерден жиналған мамандар, университеттердің жоғары жетістікке жетудегі стратегиялары, ғаламдық университет брендін қалыптастыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.  Конференция барысында еліміздегі үздік жоғары оқу орындарының басшылары, өздерінің шетелдік әріптестерімен келіссөздер жүргізіп, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.

Нунцио Квакварелли, «Quacquarelli Symonds» рейтингінің негізін қалаушы:

- Қазақстандық университеттердің рейтингі соңғы жылдары жылдам өсіп келеді. Себебі, мемлекет тарапынан жоғары оқу орындарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы 14 жылда Қазақстандағы білім мекемелері, әсіресе, интернационализация бағыты бойынша әжептәуір ілгері жылжыды. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Еуразия Ұлттық университеті көш бастап тұр.

Ерлан Сыдықов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры:

- Қазіргі көрсеткішімізді дамытып, ары қарай жоғарылату керек. Тек қана қаржылық-материалдық жағынан ғана даму емес, білім бағдарламаларының сапасын арттыруымыз қажет.

 Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу