Мектептерде смартфонға шектеу қойыла ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектептерде смартфонға шектеу қойыла ма?

20.03.2018

Смартфонның өмірімізге енгеніне салыстырмалы түрде көп уақыт бола қоймаса да, бүгінде онсыз өмірді елестету қиын. Оны пайдалану ауқымы да кеңейіп, түрлі мақсатқа қолданылатын болған. Соның бірі - оқушылардың ұстазын мазақ қылған, күлкіге қалдырған немесе мұғалімнің шәкіртке дауыс көтеріп, қол жұмсаған сияқты бейнекөріністер сол смартфондардың көмегімен әлеуметтік желіде қаптап кетті. Тіпті, оқушылар сондай оқыс оқиғаларды телефонның обьективімен аңдитын, күтетін жағдайға жеттік. Осыдан бірер апта бұрын Парламент Сенатында көтеріліп, талқыға салынған осы мәселені тілшіміз зерделеп көрді.

Смартфонның салдары Сенатта сөз болды. Депутат Динар Нөкетаева бұл құрылғылардың тиімсіз тұстарын, кері әсерлерін айта отырып, мынадай ұсыныс жасады.

Динар Нөкетаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мемлекеттік органдарда видеокамерасы бар телефондарды қолдануға тыйым салынған. Мектептердің де мемлекеттік мекеме екенін ескере отырып, оқушылар, ата-аналар, мұғалімдерге, мектеп кезінде интернет модульдері мен фото, видео құрылғыларды қолдануға шектеу қойылса.

Депутаттың ұсынысымен кей мектептер келіспейді. Мәселен, Астанадағы дарынды балаларға арналған №9 мектепте смартфондарға мүлдем шектеу жоқ. Сабақтың барысында, үзілісте де телефон қолданысы үзілмейді.

Әлия Жәнібекова, №9 дарынды балаларға арналған мектептің директоры:

- Біз сабақ барысында смартфондарды пайдалануға оң көзқараспен қараймыз. Өйткені, смартфон қазіргі заманауи сабақтарда өте қажетті нәрсе. Біздің ұғымымызда смартфонның функцияларын сабақ барысында қолдану өте тиімді.

Дегенмен, смартфонның салтанатын сабақта сап тиғызып, телефонды табалдырықтан да өткізбейтін мектептер бар. Мәселен, Қызылордадағы №8 мектеп. Мұндағы ұжымның пайымынша, телефондар сабаққа кедергі әрі оқушылардың өзара қарым-қатынасына да кері әсер етеді.

Оқушылардың барлығы сабақ барысында смартфонның пайдалы тетіктерін қолданып жүр деуге сену қиын. Олар үшін смартфон әуелі сән, сосын бәсекенің құралы.

Лимана Қойшиева, психолог:

- Қымбат телефоны бар балалар өзін басқалардан әлдеқайда жоғары сезінуі мүмкін. Жалпы, бұл баланың өсуіндегі қабілеттерді дамытуда кедергі келтіреді.

Психолог маман смартфондардың сайысы оқушыларға кері әсерін тигізерін растады. Депутат та «бұл құрылғыларға шектеу керек», дейді. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, кей мектептер «телефондарға тыйым салмаймыз», деп отыр. Мәселе бар. Бірақ, шешімі қайсы?

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу