Білім саласындағы жаңашылдықтар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім саласындағы жаңашылдықтар

13.02.2018

«2020 жылдан бастап дайындық сыныптары бұрынғыдай әріп сан үйренумен шектелмейді. Арнайы әзірленген бағдарлама шеңберінде білім алып, 0-сынып деген статусқа ие болмақ. Осылайша, олар 1-сыныпқа сақадай сай келуі тиіс». Бүгін Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Ерлан Сағадиев осындай жаңалықтарымен бөлісті. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта балалардың басым бөлігі 1-сынып бағдарламасын жете меңгере алмайды. Оның үстіне, бастауыш білімінің мазмұны жаңартылған. Сондықтан, ерте жасынан бастаған жөн. Тағы бір жаңалық, бүлдіршіндерге арналған кітаптар латын қарпімен жарық көреді. Демек, екі жылдан кейін мектепке баратын балғындар жаңа жазумен танысатын алғашқы буын болмақ.  

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Бүгінде бірыңғай бағдарлама және оқытушылардың кестесі дайын. Енді 400 мыңға жуық балаға арналған жаңа оқулықты басу керек және біржола латынға көшетін болғандықтан, оларды латынша басқан жөн деп санап отырмыз. Бұл ақша жағынан да тиімді.

Тағы бір түйткіл. Елімізде 150 мектеп жетіспейді. Мұны мемлекеттік жеке әріптестік аясында шешу қарастырылып отыр. Министр білім саласында айтарлықтай реформа әзірге жасалмайтынын жеткізді. Дегенмен, бұрынғы бастамалар жалғасын табады. Мұғалімдерді аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізіледі  және олар білім беру сапасына сай қосымша үстемақыға ие болады. Ал, ғылыми жобалар мен зерттеулерді бизнес арқылы қаржыландыру жұмыстары жалғаса бермек. 

 Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу