2019 жылдан бастап толық жабдықталған мектептер «жан басына шаққандағы қаржыландыру» бағдарламасына өтеді. Яғни, енді бюджеттің ақшасы мектептегі оқушының санына байланысты бөлінеді. Бұл туралы алматылық ұстаздармен кездескен Білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Амангелдіқызы мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа жоба орта білім берудегі бәсекелестік пен оқу бағдарламасының сапасын арттырады.
«Орта білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру» елімізде алғаш рет 2013 жылы енгізілген. Қазір республика бойынша 73 мектеп осы жобамен жұмыс істеп жатыр. Ал, Алматы облысында орналасқан 4 мектептің директорының айтуынша, аталған бағдарлама енгізілгелі мұғалімдердің көбі балалармен белсенді түрде қосымша сабақтар өткізе бастаған. Өйткені, бұл жобада ең бірінші ұстаздың еңбегі бағаланады.
Алмагүл Асанова, №49 жалпы білім беретін орта мектептің директоры:
- Жан басына қаржыландырудың ең басты ерекшелігі - ұстаздың әрбір еңбегіне қосымша сыйақы беріп отыруында.
Қаржыландырудың бұл әдісі бойынша әр оқушыға бөлінетін қаржы 200 мың теңгенің көлемінде болмақ. «Бұл мектеп автономиясының өсуіне мүмкіндік береді»,-дейді мамандар. Өйткені, мұғалімнің еңбек ақысы енді тек сағат санына байланысты емес, қосымша сабақтарға қатысты төленеді. Сондықтан, оқушыларға көп көңіл бөлген мұғалімнің еңбекақысы да артады.
Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:
- Мектептер оқушылар үшін күресетін болады. Бұл оқу сапасының артуына сеп болады. Яғни, оқушылар халықаралық олимпиадаларда, түрлі қоғамдық сайыстарда жеңіске жетсе, оны тәрбиелеген жетекшіге ақша төленеді. Сондықтан, ұстаздар оқушыны қызықтыруы үшін түрлі әдістемелермен жұмыс істеуге ұмтылады.
Аталған бағдарлама келесі жылы пилоттық жоба ретінде колледждерге де енгізілмек. Ал, колледждерде қазір «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы нәтижелі жұмыс істеуде. Осы арқылы жыл басынан бері 80 мыңға жуық адам жергілікті бюджет есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған.
Бағдарлама негізінде 2021 жылға дейін 720 мың адамды оқыту көзделіп отыр. Жоба аясында тек жастарды оқыту емес, колледждердің техникалық мүмкіндігін дамытып, оларға халықтың қызығушылығын ояту жоспары тұр. Осы мақсатта биыл 300-ден астам колледж басшылары біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
Амангелді СЕЙІТХАН