Қазан федералды университеті – Қазақстанмен берік байланыс орнатқан білім ордасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазан федералды университеті – Қазақстанмен берік байланыс орнатқан білім ордасы

22.11.2017

Қазақстанның мыңдаған студенті осы күні шетелде білім алады. Олардың саны жыл санап артып келеді. Статистикалық деректер осындай. Еліміз әлемнің беделді университеттерімен келісімшарт жасасып, қазақ жастарына жырақта білім алуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай оқу орындарының бірі – 1804 жылы ашылған Татарстандағы Қазан федералды университеті. Тілшіміз Бақытжан Омар Ресей Федерациясындағы ең көне білім шаңырақтарының біріне арнайы барып, қазаққа қатысты деректер жинап қайтты. 

Қазан федералды университеті – Қазақстанмен берік байланыс орнатқан білім ордасы. 20-шы ғасырдың басында 30-дан астам қазақ зиялысы осы жерде оқыған. Алашорда үкіметіндегі 15 министрдің 4-і аталған жоғарғы оқу орнының түлегі. Олар - Садық Аманжолов, Ахмет Бірімжанов, Уәлитхан Танашев және Базарбай Мәметов.

 Айрат Ситдиков, Қазан федералды университетінің департамент директоры:

- Қазан федералды университеті мен Қазақ елінің ғылыми білім беру орталықтары ежелден тығыз байланыс орнатқан. Бізді тарих байланыстырады. Қазақтың танымал тұлғаларының осы оқу орнында білім алуы бауырлас елдердің бірлігін көрсетеді. Біз соңғы кезде ортақ тарихқа қатысты жобаларды қолға алып жүрміз.

Университет еліміздің 17 жоғарғы оқу орнымен келісімшарт жасасқан. Қос елдің білім ордалары студент алмасып, тәжірибе бөлісіп тұрады. Бүгінде Қазан федералды уиверситетінде біліп алып жатқан 5 мың шетелдік студенттің 500-і - қазақстандық.

Динара Сұлтан, Қазан федералды университетінің магистранты:

- Қазақстаннан келген студенттер тек оқу оқып қана қоймай, онымен қоса, университеттегі, қаладағы, Ресейдегі және әлемдік шараларға қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізіп, болашаққа деген жұмыстарын жүргізуде.

Қазақтың Қазанға деген ықыласы ерекше болған. 19-ғасырдың басында Жәңгір хан татар халқының астнасына келіп, біз айтқан университетке соғады. Кейін әр сапарлатқанында білім ордасына ат басын бұрып, құнды деректер тарту етеді. Тіпті, жоғарғы оқу орнымен бірлесіп кітаптар басып шығарады.

Эльмира Амерханова, Сирек кітаптар және қолжазбалар институтының бөлім басшысы:

- Жәңгір хан 1826 жылы қыркүйекте Қазан университетіне келді. Ол І Николайдың тәж кигізу рәсімінен қайтып келе жатқан. Мемлекеттік тұлға болған соң оны ректордың өзі алып жүрді. Оқу орны басшысы қазақ ханына түрік хандарының кітабын сыйға тартады. Осы уақыттан кейін 1839, 1844 жылдары қайта келіп, білім ордасына бірнеше құнды дерек сыйға тартады. Тіпті, мұсылман оқушыларына арналған оқу құралын шығару үшін 10000 рубль қайырымдылық жасаған.

Қазан университетіне Жәңгір хан 9 қолжазба тарту етеді. Қазақ ханының білім саласына деген қолдауын ескерген университет кеңесі оған 1844 жылы оқу орнының құрметті мүшесі деген атақ береді.

Қазан университетінің Бөкей ордасының ханы Жәңгір ханға деген құрметі осы күнге дейін  ерекше. Жоғарғы оқу орнында білім алып жатқан кез келген студент қазақтың ханы жайлы жақсы біледі. 2013 жылы университет кеңесінің шешімімен Жәңгір ханға арнап мемориалды тақта орнатылды.

 

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу