Министр Ерлан Сағадиев оқулықтардың сапалы екенін айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министр Ерлан Сағадиев оқулықтардың сапалы екенін айтты

17.11.2017

Бүгін Астанада өткен алқалы жиындардың бірінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев еліміздің қазіргі білім беру жүйесі және мектеп оқулықтары сапалы екеніне екпін түсіріп, бұл салада жетістіктің ұшқыны байқалатынын баяндады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Мектептер тынышталды. Қазір екінші сыныпта оқитын балаларға қарап қарап бағалау керек. Біз мұғалімдер және ата-аналармен сөйлестік. Олар өте риза. Оқушының ізденісі артқан, әлдеқайда ашық, оған пәндер мен мектебі ұнайды және оқушының үлгерімі айтарлықтай жоғарылаған.

Бұл - министрдің мәлімдемесі. Ал, ата-аналар не дейді? Расымен, бәрі жеңілдеді ме? Мәселен, Бибіайша апамыз бір емес, бірнеше немересінің оқуын қадағалайды. Бір сабаққа, бір сағат емес, қырауар уақыт жұмсайды. Себебі, «тым күрделі, ауыр», дейді. Мысалға, министр мақтаған екінші сыныпта әжейдің немересі де оқып жүр.

Бибіайша Абауова, зейнеткер:

- Сабақ өте күрделі. Сөздері өте күрделі. Қазақшаны қазақшаға аударамыз. Мәселен, мына жерде отбасы табысы дейді. Жалақысы, табысы, қосымша табысы, жәрдемақысы дегенді бала түсіне ме, біле ме соны?!

Бірақ, мектеп оқулықтарын шығаратын орталықтың айтары басқа. Олар «қателіктер өте сирек кездеседі», дейді.

Дегенмен, оқулықтардың сапасының нашар екенін тек ата-аналар ғана емес, ғалымдар да растап отыр.

Қорыта айтқанда, білім саласы - ретті де, ретсіз реформалармен реңін өзгертіп, жаһанның жарымжан жаңашылдықтарын жұқтырғыш. «Заманауи» деген сәнді айдарды тағып, дәстүрлі һәм мәнді жүйені жіліктеп тастағаны тағы бар. Оқулықтардың сапасы шетелдік «стандарттардың» саясында, игілігінен гөрі, иттей қылар иірімі көп инновациялардың аясында қаңғып жүр. Бұл біздің емес, әлеуметтің талқысынан түйген ой.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу