Оқушылар сайлауға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқушылар сайлауға қатысты

23.10.2017

Олар өздерінің мектеп президенттерін таңдады. Бірақ, бұл жолы барлығы мемлекеттік деңгейдегі өтетін науқаннан кем болған жоқ. Бұл Орталық сайлау комиссиясының пилоттық жобасы. Астананың 3 мектебінде өткен шара жақсы нәтиже көрсетіп жатса, еліміздегі барлық оқу орнында жүзеге асырылмақ.

Сайлау комиссиясы, хатшы, бақылаушылар және әрине бюллетень. Оқушылардың барлығы таңдау жасауға мүмкіндік алды. Бұл мектеп жасынан бастап келер буынның құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.

Сапура Төлекова, №76 мектеп-лицейінің директоры:

- Оқушылардың белсенділігі жаман емес. Оқушылардың көмегімен сайлауалды насихат жұмыстарын жүргіздік. Оқушыларды сайлауға қатысуға шақырдық. Сайлаудың өткізілуі туралы, сайлау бюллетені, сайлау жәшігі... Әрбір қадамдары жөнінде біз оқу-ағарту жұмыстарын жүргіздік.

Дауыс берушілерге рұқсат қағазы да әзірленген. Арнайы бекітілген оқушылар дайындықты бір апта бұрын бастады. Тіпті, үгіт-насихат жұмыстарының да жүргізілу барысы қатаң бақылауда болды.

Ақманат Тоқболат, №76 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы:

- Біраз қателіктер болды. Басқа кандидаттарға жасам қылықтар айтқандар болды. Бірақ, оның бәрі ескерілді. Қазір бәрі мәдениетті түрде өтіп жатыр. Ешқандай да қателік жоқ деп ойлаймыз.

Самұрат Пернебай, №76 мектеп-лицейінің 2 сынып оқушысы:

- Мен бүгін сайлауға бірінші рет қатысып тұрмын. Дауыс берген ұнады. Мен алда сайлаулар болса қатысамын.

Дауыс беру аяқталған соң байқаушылардың қатысуымен жәшік ашылып, бюллетеньдер саналды, мектеп президенттері сайланды. 3 мектептегі сайлауға жоғары деңгейде өтті деген баға берілді.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу