ОҚО мұғалімдері жаңартылған білім форматы бойынша кәсіби біліктілікті арттыруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО мұғалімдері жаңартылған білім форматы бойынша кәсіби біліктілікті арттыруда

20.10.2017

Оңтүстік Қазақстан облысында мектеп мұғалімдері жаңартылған білім форматы бойынша кәсіби біліктілікті арттыру курсынан өтіп, білім берудің тың әдістерін үйреніп жатыр. Былтыр қолға алынған озық әдістеменің қатары биыл тағы екі жобамен толықты. Ұстаздардың робот техникасының қыр-сырын меңгеруіне және ақпараттық технология негізінде қашықтан білім жетілдіруіне мүмкіндік туды.    

Информатика пәнінің мұғалімі Зина Адырбаева орталықта өзге де әріптестерімен робот құрастыруды, оларды жасаудың бағдарламалық техникасын үйреніп жатыр. Математика және физикалық білімін инженерлік ізденістерге негіздеп, түрлі құралдар жасауды меңгеруде. Бір айлық курстан соң осындағы білген-түйгенін өз мектебіндегі шәкірттерге үйретеді. Өңірде осы кезге дейін 301 мұғалім робот техника негіздерін оқып шықты. 

Зина Адырбаева, информатика пәнінің мұғалімі:

- Робототехника мен инженерлік жүйелерді жобалау аясында білім алып жатырмыз. Бұл жерде әртүрлі роботтар, мәселен, біз күшік роботын жасадық. Ардуиномен енді сабақ бастап жатырмыз.

Біліктілікті арттыру ұлттық орталығындағы тағы бір жаңашылдық - қашықтықтан оқыту форматы. Ол электронды оқытуға негізделген.

Лаура Ысқақова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының  директоры:

- Әрқайсысы өз аудандарында отырып, біліктілігін арттырады. Олар онлайн, оффлайн режимде сабақ өтеді. Уақыттарын жоғалтпайды және мектептен де қол үзбеу біліктілігін арттыруға мүмкіндігі бар.

Жалпы, орталық бес жылдың ішінде 74 категория бойынша өңірдегі 63 мың мұғалімнің білімін жетілдірген. Оның ішінде бастауыш сынып мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері де бар. Бұл деңгейдегі жаңашылдық «Монтессори»» бағдарламасына негізделіп отыр.

Зәуре Қуанышбаева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының аға оқытушысы:

- Ойлау қабілеті дамиды. Баланың сыртқы сезімдерін дамыта отырып, көңіл-күйін көтереді. Содан соң мынадай әрбір элементтермен жұмыс жасай отырып, бала өз-өзіне қызмет жасауды үйренеді. 

Жаңартылған білім беру бағдарламаларының жүзеге асуы жақсы нәтиже берді. Оқу курсынан өткен оқытушылардың 8 мыңнан астамы тестілеуде үздік нәтиже көрсеткен. Ал, педагогтардың кәсіби білігінің артуы арқасында оқушылардың білім деңгейі 6,8 пайызға жоғарылап отыр.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу