«Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып келген мамандардың білім сапасын көтеруге қосар үлесі зор. Себебі, олар өз отандастарымен әлемнің озық тәжірибесін бөліседі. Оқытудың тың әдістемесін, тиімді тәсілдерін көрсетеді. Қостанай облысындағы Рудный индустриалды институтында осындай 4 маман жұмыс істеп жатыр.
Ерлі – зайыпты Айнат Есжанова мен Талас Қалдыбиев Рудный индустриалды институтында 30 жылдан артық бірге еңбек етіп келеді. Олар осы оқу орнының үздік оқытушыларының қатарында. Еңбекққор жандар үнемі ізденіс үстінде. Олар - 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасына сынақ тапсырып, Ресейдің Омск қаласында 1 жыл білімдерін шыңдады. Бүгінде үйреніп қайтқан жаңашылдықтарын оқу процесінде қолданып жүр.
Талас Қалдыбиев, аға оқытушы:
Электр энергиясындағы математикалық есептер және компьютерлік модельдеу үрдісін, сол пән бойынша оқу үрдісіне бір әдістемелік нұсқауды кіргізіп жатырмын. Қазір балаларды сонымен оқытып жатырмын. Нәтиже жаман емес.
Айнат Есжанова, ақпараттық жүйе энергетикасы факультеті деканының орынбасары:
Шетелде оқу барысында инновациялық технологияларды пайдалану бойынша мол тәжірибе жинақтадым. Бұл үйренгендерімді мен дәріс оқу, оқыту, тәжірибелік сабақтар және зертханалық жұмыс кезінде қолданып жүрмін.
Жалпы мұнда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 8 оқытушы және 2 студент шетелде білім жетілдіріп қайтқан. Студент түлектер қазір Астана қаласында еңбек етсе, оқытушылар осы оқу орнындағы білім сапасын көтеруге үлес қосып жүр. Жаңашыл ұстаздар тікелей міндеттерінің сыртында тестілеу, емтихан билеттерін даярлайды. Тіпті студенттерді белгілі бір тәртіптік жүйеге үйрету әдістемесін де жасап шығарған.
Зәуреш Хабдуллина, энергетика және жылу энергетикасы кафедрасының меңгерушісі:
Мен біздің елде даярланған «Болашақ» бағдарламасы теңдесссіз деп есептеймін. Бұл отандық оқу ордаларының әлемнің озық әдістемелерімен танысуына, оны игреуіне жол ашады. Біздің институтқа да осы бағдарламаның тигізген шарапаты мол. Білім сапасының артуына тікелей әсері бар.
Қостанай облысы бойынша осы уақытқа дейін барлығы 124 адам «Болашақ» стипендиясының иегері атанған. Олардың дені бүгінде облыс аумағында түрлі салада еңбек етіп жүр.
Дәуренбек ӘБДІБЕК