Жамбыл облысындағы 31 орта мектептің ұстаздары мен оқушылары алдағы оқу жылын жаңаша сәулетке енген білім ошағында бастағалы отыр. Талай жылдан бері тозығы жетіп, алқам-салқамы шыққан бұл мектептерде қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Олардың қатарында бес бала-бақша мен білім саласына қатысты тағы бес мекеме бар. Күрделі жөндеу жұмыстарына қазынадан үш жарым миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Абай Құнанбаев атындағы мектептің іргетасы осыдан алпыс бір жыл бұрын қаланған екен. Содан беріде әктеліп, әрленгені болмаса, бірде-бір дүниесі жаңармаған еді. Күрделі жөндеудің арқасында тозған шатыр мен қиюы қашқан есік-терезе түгелдей ауысты. Спорт залының шіріген еденінің орнына жаңасы төселді.
Мұрат Тұрысбеков, мектеп директоры:
Жаңа мектеп әрине, оқушылар үшін, ұстаздар үшін де үлкен серпіліс береді. Енді мектепте жаңаша жұмыс бастаймыз, деп мақсат қойып жатырмыз.
Өңірдегі тағы 30 мектепте қазір осындай қызу құрылыс белгіленген жоспар бойынша олардың көпшілігінде жөндеу жұмыстары тамыз айының алғашқы аптасында толық аяқталады. Құрылысшылар мерзім қысқа болғанымен, жұмыстың сапалы атқарылуына барын салып жатыр.
Сергей Леонтев, мердігер компанияның басшысы:
Біздегі құрылысшылардың көпшілігі ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан білікті мамандар. Кез келген істің көзін таба біледі. Әрі тиянақты, ұқыпты орындайды. Сондықтан да жұмысымыз сапалы, деп нық сеніммен айта аламын.
Жалпы өңірдегі білім мекемелерінің 34 пайызы ыңғайластырылған ғимаратқа орналасқан. Сондай-ақ, 23 мектеп апат жағдайында тұр. Осы қиындықтарды шешу мақсатында және демографиялық өсімді ескере келгенде қазір облыста 27 оқу ордасының құрылысы жүріп жатыр. Оның 12-де осы жылы қоңырау үні сыңғырлайтын болады. Ал, қалғаны келер жылы ел игілігіне берілмек.
Жәмилә Бекбатырова, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
Жалпы осы соңғы жылы типтік ғимаратта орналасқан мектептер саны 19-ға өсіп, ыңғайластырылған мектептер саны 26-ға кеміп отыр.
Мектептердің іші-сыртын бүтінделумен қатар олардың материалдық техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Сынып бөлмелерін жаңа тұрпаттағы әдістемелік көрнекі құралдармен жабдықтауға және жиһаз сатып алуға 860 миллион теңгедей қаржы жұмсалады.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ