Аслан Сәрінжіповтің төрағалығымен кеңейтілген отырыс өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аслан Сәрінжіповтің төрағалығымен кеңейтілген отырыс өтті

23.07.2014
Аслан Сәрінжіповтің төрағалығымен кеңейтілген отырыс өтті

Ғылыми орта Қазақстан ғылымының даму келешегін талқыға салды. Бүгін  Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің төрағалығымен ғылымды дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті.

Жиынға Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми зерттеу институттарының жетекшілері қатысты.

Өркениетке жетудің ең төте жолы - ғылым мен білімге назар аудару. Ғалымдар отандық ғылымның жаңа бағдарламасын талқыға салды.

Сонымен қатар, ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру мен зерттеулердің жаңа жүйесі сөз болды.

Ұлттық ғылым академиясы 2013 жылды қорытындылаған ұлттық баяндамасын ұсынды. Баяндаманы Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мақұлдаса,  Мемлекет басшысына ұсынылады.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Биыл қыркүйек айында тәжірибе ретінде 100 магистрант пен 50 докторант Ғылым академиясындағы Ғылыми-зерттеу институттары жанынан  жаңа жоба бойынша тәлім алуды бастайды. Бұл тәжірибені одан әрі дамытатын боламыз. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті министрлікке қарасты «Парасат» холдингімен біріксе,  Қазақ Ұлттық аграрлық университеті «ҚазАгроИнновациямен» етене жақын кадрлар даярлау жұмысын бастайды. Жаңа бағдарламаға сәйкес, магистрлер мен докторлар ғылымды да, өндірісті де ұршықша иіретін маман болып қалыптасуы керек.  

Оқу-білімнің тұтастай жүйесі ретінде енгізілген тәжірибелік жоба ең әуелі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде сынақтан өтеді.

Сол себепті еліміздің жетекші университеті мен Ғылым комитетінің ғылыми ұйымдары жетекшілері арасында осы жобаны бастауға мүмкіндік беретін келісімге қол қойды.

Ғалымқайыр Мұтанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰу ректоры: 

Ұлттық университет пен 11 ғылыми-зерттеу институтының өкілдері қол қойып, бір бағытта үлкен жобаны қолға алып жатқаны ел үшін, болашақ үшін жақсы бастама деп санаймын. Осы уақытқа дейін әрбір зерттеу институты өз бағытында жұмыс істеп келетін болса, енді бар күш-жігерімізді біріктіріп, болашақта сапалы, жоғары деңгейдегі магистр, докторларды дайындауға кірісеміз.

«Жалпы, әлемдiк тәжiрибе дәлелдегендей, ғылыммен айналысатын адам материалдық мәселелерге бас ауыртпауы қажет.

 Ғылымға шынайы берiлген фанаттан ғана шын ғалым туады. Сол себептi де жас ғалымға төленетiн шәкіртақы көлемi ұлғайып, болашақ жұмыс пен баспана мәселесi шешiлуi керек»,  деген  ұсыныстар айтылды.

Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу